Израиль президенті аятолла Али Хаменеиге қарсы қастандық жоспарламағанын мәлімдеді

Израиль президенті Ицхак Герцог ел билігінің Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеиді жоюды көздеп отырмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, Израильдің қазіргі әскери іс-қимылдары режимді өзгертуге емес, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен Иран тарапынан төнетін қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған.

Бізде Хаменеиді өлтіру мақсаты жоқ және режимді өзгерту жоспарымыз да жоқ. Бірақ бұл Иран халқына тарихи тұрғыдан пайдалы әсер етуі мүмкін, – деді Герцог Axel Springer Global Reporters-ке берген сұхбатында.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Хаменеиге жасалған ықтимал қастандық Тегеран мен Тель-Авив арасындағы қақтығыстың ушығуына емес, аяқталуына себеп болуы мүмкін екенін айтып өткен еді. Ол Израильдің Иранның ядролық бағдарламасына қарсы әрекеттерінде АҚШ-тың қолдауы қажет екенін де атап өтті.

Ал Иран өз кезегінде, Израиль әскери нысандарына қарсы соққы жасауға дайын екендігін мәлімдеп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Saul Loeb / Pool / Reuters
Өзгелердің жаңалығы