Израиль мен Түркия арасында қақтығыс қаупі жоқ – Трамп
Ал бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің аймақтағы саясатын сынға алып, оның әрекеттері қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Түркия арасында қақтығыс туындау қаупін көрмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистердің сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлады ТАСС агенттігі.
Мен бұл туралы ештеңе естіген жоқпын, – деді Трамп екі ел арасындағы ықтимал шиеленіс туралы сұраққа жауап беріп.
Сонымен қатар ол қажет болған жағдайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.
Егер бұл туралы естіген болсам, мен Ердоғанға қоңырау шалып, бәрі дұрыс екеніне көз жеткізер едім, – деді АҚШ президенті.
Трамптың айтуынша, қазіргі уақытта мұндай қақтығыс қаупі жоқ.
Менің ойымша, бұл Түркиямен болмайды. Мен президент болған кезде емес, – деді ол.
АҚШ президенті сондай-ақ Ердоғанмен өзара құрмет бар екенін атап өтті.
Ал бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің аймақтағы саясатын сынға алып, оның әрекеттері қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан еді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл мәлімдемеге жауап беріп, Ердоғанның Израильге қатысты пікір айтуға құқығы жоқ екенін мәлімдеген.