Бүгiн 2026, 11:46 Фото: Х әлеуметтік желісі

Израиль мен АҚШ соққысынан кейін Тегерандағы әуежайда өрт шықты

Иран астанасының батыс бөлігінде күшті жарылыстар болған.

Израиль мен АҚШ жасаған әуе соққысынан кейін Тегерандағы Мехрабад халықаралық әуежайында өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Шабуыл салдарының кадрлары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, Иран астанасының батыс бөлігінде күшті жарылыстар болған. Бірнеше жерде ірі өрт шыққаны, соның ішінде Мехрабад әуежайы маңында да өрт тұтанғаны хабарланды.

Мехрабад халықаралық әуежайы Ирандағы ең көне әрі тарихи маңызы зор әуежайлардың бірі саналады. 2000-жылдардың басына дейін ол елдің негізгі халықаралық әуе торабы болған және шетелге бағытталған рейстердің басым бөлігі осы жерден жүзеге асырылатын. Алайда жолаушылар ағыны көбейген соң билік жаңа әуежай салу туралы шешім қабылдады. 2004 жылдан бастап халықаралық рейстердің едәуір бөлігі Тегераннан шамамен 30-40 шақырым оңтүстікте орналасқан имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайға ауыстырылды.

Осы уақытта Иран да Израиль аумағына соққы жасап жатыр. Ислам революциясы сақшылар корпусы «Ақиқат уәдесі 4» операциясы аясында шабуылдардың жаңа толқыны басталғанын мәлімдеді.