Израиль Ливан жерінде шабуыл операциясын бастады
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Бас штабының бастығы Эяль Замир Ливан аумағында шабуыл операциясы басталғанын жария етті.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Бас штабының бастығы Эяль Замир Ливан аумағында шабуыл операциясы басталғанын жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз "Хезболлаға" қарсы шабуыл операциясын бастадық. Біз тек қорғаныста отырмай, шабуылға да шығамыз (Солтүстік майданда – ред.) ұзаққа созылатын ұрыс күндеріне дайын болу қажет, – деді ол әскери кеңесте сөйлеген сөзінде.
Замирдің айтуынша, Израильге қарсы науқанды «Хезболла» бастаған және эскалацияға дәл осы қозғалыс жауапты. Сонымен қатар ол әскерге үздіксіз шабуыл әрекеттеріне дайындалу туралы тапсырма бергенін жеткізді.
Дүйсенбіге қараған түні ЦАХАЛ Ливанның бірнеше ауданына соққы жасады. Тель-Авив бұл шабуылдардың нысанасы «Хезболла» объектілері болғанын мәлімдеді.
Al Hadath телеарнасының хабарлауынша, соққылардың бірінде қозғалыстың парламенттік блогының жетекшісі Мохаммед Раад қаза тапқан.
Ливан билігінің дерегінше, израильдік шабуылдар салдарынан 31 адам қаза тауып, 149 адам жараланған. Алайда ел президенті Джозеф Аун Бейруттың Израильге қарсы зымыран ұшыруға қатысы жоқ екенін атап өтті.
Еске салсақ, сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын жариялады. Тель-Авивтің мәлімдеуінше, соққылардың басты мақсаты – Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу.