Израиль Хамаспен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін айтты
Израиль Газа секторындағы атысты тоқтату режимін ұзарту және онда кепілге алынғандарды босату мәселесі бойынша Хамаспен жанама келіссөздерді жалғастыруға дайын, деп хабарлайды BAQ.KZ BILD басылымына сілтеме жасап.
Премьер-министр Беньямин Нетаньяху келіссөздер тобына диалогты жалғастыруға дайындалуды тапсырды, деп хабарлады бейсенбі күні оның кеңсесі.
Келіссөздерге «делдалдардың [АҚШ арнайы өкілі Стив] Виткоффтың кепілге алынған он бір тірі адамды дереу босату және қайтыс болған кепілге алынғандардың мәйіттерінің жартысын беру туралы ұсынысына берген жауабы» негіз болады.
Осылайша Нетаньяху Хамастың бір израильдік-америкалық кепілді босатуды және тағы төрт адамның мәйітін тапсыруды қамтитын жуырдағы ұсынысын қабылдамады. Израиль армиясының мәліметінше, Газада 58 кепілге алынған адам бар, оның 34-і қазірдің өзінде қайтыс болған болуы мүмкін.
Айта кетейік, Хамас тобы жұма күні Израиль мен АҚШ-тың қос азаматтығы бар кепілге алынған адамды босатуға дайын екенін мәлімдеген.