Израиль Газаны басып алуға дайындалып жатыр
Израиль әскері Газа секторындағы операцияларын “күшейту және кеңейту үшін ондаған мың резервисті шақыра бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BCC-ге сілтеме жасап.
БАҚ деректеріне сүйенсек, қауіпсіздік кабинеті ХАМАС-қа қарсы шабуылды біртіндеп кеңейтуге келісім берген.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газадағы тұтқындарды қайтару және ХАМАС содырларын жою мақсатында “қысымды күшейтіп жатқанын” мәлімдеді.
Израиль әскері Газа секторының жаңа аудандарында әрекет етіп, жер үстіндегі және жер астындағы барлық инфрақұрылымды жоятынын мәлімдеді.
Нетаньяху басқаратын қауіпсіздік кабинеті Газа секторында ХАМАС-қа қарсы шабуылды біртіндеп кеңейту жоспарын мақұлдады, деп хабарлады дүйсенбі күні Израильдің қоғамдық Kan телекомпаниясы өз дереккөзіне сілтеме жасап.
Израиль жексенбі күні кешке ХАМАС-қа қарсы әскери шабуылды айтарлықтай кеңейту жоспарын мақұлдады. Алайда Times of Israel басылымының хабарлауынша, әскери басшылық министрлерді бұл қадам Газадағы тұтқындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен.
Қауіпсіздік кабинеті операцияны кеңейту жоспарын бірауыздан мақұлдады. Үкіметтегі аты-жөні жарияланбаған шенеунік бұл жоспар “Газаны жаулап алу” және аумақты бақылауда ұстауды қарастыратынын айтқан.
Жоспар АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада аймаққа сапармен келгеннен кейін ғана жүзеге асады деп күтілуде.
Осы уақытқа дейін ХАМАС-пен тұтқындарды босату және атысты тоқтату жөніндегі келісімге келу талпыныстары жалғасады, - деп хабарлайды Израиль БАҚ-тары.
Жексенбі кешке Channel 13 телеарнасы ЦАХАЛ Бас штабының бастығы Эяль Замир соңғы күндері министрлерді “ауқымды операция басталса, Израиль тұтқындарды жоғалтып алуы мүмкін” деп ескерткенін хабарлады.
Генерал Замирдің айтуынша: Толыққанды құрлық операциясында біз тұтқындарға жете алмай қалуымыз мүмкін. Есіңізде болсын — біз олардан айырылып қалуымыз ықтимал.
Ол соғыс мақсаты ретінде қойылған екі міндет — ХАМАС-ты жою және тұтқындарды құтқару — “бір-біріне қайшы әрекет болуы мүмкін» екенін атап өтті.
Қауіпсіздік кабинеті сондай-ақ Газа секторына гуманитарлық көмекті қайта жеткізуді мақұлдады. Бұл ретте көмекті тарату тетігі өзгертіледі: халықаралық ұйымдар мен жеке күзет компаниялары азық-түлік салынған жәшіктерді Газадағы отбасыларға тікелей жеткізеді. Жаппай қоймалау мен орталықтандырылған таратудан бас тарту көзделген.
Израиль бұл өзгерістер ХАМАС-тың көмекті иемдену қаупін барынша азайтады деп үміттенеді. Израиль әскері көмекті тікелей таратпайды, бірақ әскери қызметшілер халықаралық ұйымдар мен мердігерлердің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.