Израиль Газадағы соғыс қимылдарын қайта бастауға дайындалып жатыр
Израиль ХАМАС қозғалысының қарусызданудан бас тартуына байланысты Газа секторындағы қақтығыстың жаңа кезеңіне дайындықты күшейтуде. Бұл АҚШ әкімшілігінің аймақтағы бейбіт жоспарды ілгерілетуіне кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Израиль әскері ХАМАС бақылауындағы Газа аумағында жаңа құрлық операциясын жүргізу жоспарларын әзірлеген.
Израильдің қауіпсіздік саласындағы сарапшылары ел билігі ауқымды әскери басып кіруді де, анклавқа біртіндеп бақылау орнату нұсқасын да қарастыруы мүмкін екенін айтады.
Бұл уақыт пен стратегияға байланысты. Армия екі сценарийге де дайын, - деді Израиль Қорғаныс министрлігінің бұрынғы аға шенеунігі Амир Авиви.
WSJ жазуынша, ХАМАС-тың қарусызданудан бас тартуы бейбіт процестің тұралауына себеп болған жалғыз фактор емес. Бейбіт келісімнің бірінші кезеңіндегі өзге міндеттемелер де әлі орындалмаған. Атап айтқанда, Израиль Газа мен Мысыр арасындағы «Рафах» шекара өткелін әлі ашқан жоқ, сондай-ақ Газада қалған соңғы израильдік кепілге алынған адамның мәйіті қайтарылмаған.
Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт жоспары аясында халықаралық тұрақтандыру күштерін құру да қиындықтарға тап болып отыр. WSJ дерегінше, бірнеше мемлекет бұл бастамаға қосылуға дайын емес.
Бұған дейін, 2025 жылғы 29 желтоқсанда Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен кездесу алдында ХАМАС-ты толық қарусыздандыру Газа секторындағы жағдайды тұрақтандырудың негізгі шарты екенін мәлімдеген болатын.