Израиль Газа секторында 47 рет бітім шартын бұзып, 38 палестиналық қаза тапты
Израиль әскері Газа секторындағы атысты тоқтату келісімін 47 рет бұзған. Соның салдарынан 38 палестиналық қаза тауып, тағы 143 адам жарақат алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Anadolu агенттігінің мәліметінше, Газа үкіметінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен бері Израиль тарапы бірнеше рет шартты бұзғаны айтылған.
Онда Израильдің бейбіт тұрғындарға тікелей оқ ату, әуе соққылары мен көптеген адамдарды ұстау сияқты әрекеттері арқылы халықаралық гуманитарлық құқықты да бұзғаны атап өтіледі.
Мәлімдемеде айтылғандай, бұл шабуылдар кезінде әскери техника, танкілер, қашықтан басқарылатын крандар мен дрондар пайдаланылған. Олар елді мекендерден тыс аумақтарда орналасқан.
Газа аумағының әр түкпірінде осындай бұзушылықтар тіркелген. Израиль атысты тоқтату жөніндегі міндеттемелерін орындамай, палестин халқының үстінен зорлық пен қысым саясатын жалғастырып отыр.
Келісім жарияланғаннан бері аталған бұзушылықтардың нәтижесінде 38 адам қаза тауып, 143 адам жараланған.
Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқындар алмасу туралы келісім
Бұған дейін, 9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Египетте өткен келіссөздер барысында Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жоспарының алғашқы кезеңі мақұлданғанын мәлімдеген.
Келісімге Египетте қол қойылып, Израиль үкіметі оны 10 қазанда бекіткен. Сол күні түскі 12:00-де израильдік әскер келісімге сәйкес «сары сызыққа» шегінгеннен кейін, Газа секторында атысты тоқтату режимі күшіне енді.