Израиль Дохада ХАМАС басшылығына соққы жасады
Израиль Қатар астанасы Дохада ХАМАС-тың жоғарғы басшылығына соққы жасады. Жарылыстан ұйым жетекшілері қаза тапқаны хабарланды. Қатар бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу деп айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Қатар астанасы Дохада 9 қыркүйек күні бірқатар күшті жарылыс болды. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл Израильдің ХАМАС-тың жоғары лауазымды өкілдеріне бағытталған әскери операциясы болған.
Al Jazeera мен Al Arabiya дереккөздері соққы ХАМАС делегациясына жасалғанын хабарлады. Олар Дохада АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату жөніндегі бастамасына қатысты келіссөздер жүргізіп жатқан. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандардың қатарында ХАМАС-тың бас келіссөз жүргізушісі Халиль аль-Хайя, ұйымның Батыс жағалаудағы жетекшісі Захер Джабарин, сондай-ақ Халед Машал мен Низар Авадалла бар.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда қаланың үстін қара түтін басқаны байқалады. Израильдің «12-арнасы» ресми дереккөзге сілтеме жасап, нысанаға ХАМАС-тың штаб-пәтері алынғанын хабарлады. Израиль билігі бұл операцияны «ұйымның жоғарғы басшылығына бағытталған дәл соққы» деп сипаттады.
Қатар билігі бұл шабуылды халықаралық құқықты өрескел бұзу деп айыптады. Reuters-тің хабарлауынша, Израиль АҚШ-ты алдын ала ескерткен, ал америкалық дипломатиялық өкілдіктер қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Айта кетейік, ХАМАС осыған дейін Иерусалимде автобустың аялдамасында болған терактіні мойындаған еді.
Бұған дейін, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасап, салдарынан шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ден астам бейбіт тұрғын тұтқынға алынған болатын. Израиль жауап ретінде соғыс жариялап, Газа секторына әуе соққыларын бастады. ХАМАС бақылауындағы палестиндік денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, сол уақыттан бері 64 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптайды.