Израиль бітім режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне соққы жасады
ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді.
Израиль армиясы атысты тоқтату режимі күшінде тұрғанына қарамастан, Ливанның оңтүстігіндегі аудандарға қайтадан әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ЦАХАЛ баспасөз қызметі хабар таратты.
ЦАХАЛ мәліметінше, Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қозғалысына тиесілі инфрақұрылым нысандарына жаппай әуе шабуылдарын жасаған.
Ливанның NNA ақпарат агенттігі Израиль әскері Эн-Набатия провинциясындағы бірнеше елді мекенге шабуыл жасағанын жазды.
Соққы Яхмар аш-Шакиф, Кефр-Тебнит, Эрнун, Кевсерийе және Мерванийе елді мекендеріне жасалған. Сонымен қатар Израиль армиясы осы ауылдарға апаратын кейбір жолдарды да атқылаған.
Бұдан бөлек, Сайда қаласы маңындағы Бабилийе мен Гассание елді мекендері де әуе шабуылына ұшыраған.
Израиль армиясының дрондары Сур қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің үстінен төмен биіктікте ұшып жүргені де мәлім болды.
Бұған дейін АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан 16 сәуірден бері күшінде болған атысты тоқтату режимін ұзартуға келіскені белгілі болған еді.
Еске салсақ, 14 мамырда Вашингтонда Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші кезеңі өткен болатын. Тараптар атысты тоқтату мәселесін, Ливанның оңтүстігіндегі жағдайды және «Хезболланы» қарусыздандыру тақырыбын талқылады. Келіссөздер жексенбі күні аяқталуы тиіс болған осал бітім режимі мен Ливанның оңтүстігіндегі жалғасып жатқан қақтығыстар аясында өтті.