Израиль әскерилері Иорданның Батыс жағалауында палестиналық фермерлерге оқ атты
Израильдік әскери қызметкерлер Рамалла қаласына жақын орналасқан Қубер ауылындағы палестиналық фермерлерге оқ атты. Фермерлер өз жерлеріне барып, зәйтүн жинамақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кубер ауылынан шыққан бір топ фермер ауылдың батыс жағындағы алқаптарына бара жатқан сәтте израильдік әскерилердің шабуылына ұшыраған. Әскерилер палестиналықтарға оқ атып, жарық-шу гранаталарын қолданған. Соның салдарынан фермерлер кейін шегінуге мәжбүр болды.
"Анадолу" агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында фермер Фехд Абул әл-Хадж израильдік оккупациялық армияның фермерлерге өз жерлеріне баруға тыйым салғанын айтты. Әсіресе Канатир мен Даак аймақтарындағы учаскелерге кіруге мүмкіндік берілмеген.
Тіпті бізді қорқытып, артқа шегіну үшін оқ атты, – деді ол.
Әл-Хадждың айтуынша, фермерлер өз жерлеріне Израильдің Жоғарғы сотының шешіміне сәйкес бара жатқан.
Соттың шешіміне қарамастан, сарбаздар бізді өткізбеді. Бұл – біздің құқықтарымыздың ашық түрде бұзылуы, – деді ол.
Палестиналық фермер атап өткендей, Израиль армиясы мен заңсыз қоныстанушылар палестиналықтардың жерлерін басып алып, оларға жылдар бойы қысым көрсетіп келеді. Бұл жағдай әсіресе заңсыз «Халамиш» қонысының құрылуынан кейін күшейген.
Біз өз жерімізді қорғаудан бас тартпаймыз. Бұл жер – біздің өміріміздің, болмысымыздың символы, – дейді Хадж палестиналықтардың күресті жалғастыруға деген жігерін білдіре отырып.
Иорданның Батыс жағалауындағы палестиналық фермерлер жыл сайын зәйтүн жинау маусымында израильдік әскерилер мен еврей қоныстанушылардың шабуылына жиі ұшырайды. Палестина билігінің мәліметінше, соңғы екі жылда 7 мыңнан астам осындай шабуыл тіркеліп, 33 палестиналық қаза тапқан.
Сондай-ақ осы кезең ішінде израильдік әскерилер мен қоныстанушылар шамамен 49 мың ағашты, оның ішінде 37 мыңнан астам зәйтүн ағашын қиратқан.