Израиль әскері Газаға бағыт алған гуманитарлық жүк кемесін басып алды

Израиль әскери-теңіз күштері Газа секторына гуманитарлық көмек апара жатқан «Ханзала» кемесіне араласқан болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Anadolu агенттігі мәлімдеді.

Гуманитарлық жүк тиеген «Ханзала» кемесі «Еркіндік флотилиясы» халықаралық коалициясына тиесілі. Коалиция мүшелері кеменің басты мақсаты – Газа халқына гуманитарлық жүк жеткізу екенін мәлімдеген.

Telegram-дағы «Еркіндік флотилиясы» арнасында жарияланған ресми мәлімдемеде: Кеме маңына басқа бір кеме мен дрон жақындады. Бұл араласу болуы мүмкін, – деп көрсетілген.

Сонымен қатар жағдайды тікелей бақылауға арналған YouTube-трансляция барысында борттағы адамдардың қауіпсіздік шараларын қабылдап жатқаны байқалды. Олар құтқару кеудешелерін киіп, төтенше жағдайға дайындалған.

Трансляция сипаттамасында шабуыл болу ықтималдығына байланысты кеменің бағыты өзгергені атап өтілген. Ал Instagram-дағы тікелей эфир кезінде белсенділердің Израиль мен Мысыр билігіне хабарласуға тырысқаны жазылған. Алайда Израиль тарапы байланысқа шықпаған. Біраз уақыт өткен соң кеменің GPS құрылғылары істен шығып, тікелей эфир аяқталған.

Кемеде болған Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты Эмма Фурро әлеуметтік желідегі X парақшасында кемеде дабыл сиренасы қосылғанын хабарлады.

Геноцидке жауапты Нетаньяху армиясы “Ханзалаға” жақындап қалды, – деп жазды ол.

Айта кетейік, «Ханзала» кемесі 13 шілде күні Италияның Сиракуза портынан жолға шыққан. Алайда техникалық себептерге байланысты 15–20 шілде аралығында Түркияның Гелиболу портында аялдап, дайындық жұмыстарын жүргізген. 20 шілдеден бері кемеде 20-дан астам халықаралық белсенді бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы