Ізгілікті істің иесі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Нағиман Өмірқызы, үлкен сөмкесімен автобусқа міне алмай жатқан қарияны көріп,  жүгіріп барып көмектесіп жатты...

Оның бүкіл ғұмыры осындай бір сәттік ізгі істерден құралып жатады. Өзі еңбек ететін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына күніне қаншама адам келіп, қызмет алады. Бүгін осы салада қызмет ететін, яғни әлеуметтік қызметкерлердің  кәсіби мерекесі.

Осы атаулы күнге орай Алматыдағы Істердің электрондық макеттерін бақылау және заңды және жекетұлғалармен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Нағиман Күзембаевамен тілдескен едік.


Кейіпкеріміздің көмекке зәру адамдарға қол ұшын созып, сол жандармен бірге біте қайнасып өмір сүріп жатқанына 26 жылдың жүзі болыпты. Олардың өміріне етене араласып, жалғызбасты қарияларға, І, ІІ топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан жандарға көмек көрсетеді... Асықпай отырып қажетті сауалдарына сауатты жауап беріп, сауапқа кенеледі. Бұл қызмет тек қана кең жүректі, өзінен гөрі өзгеге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Нағиман Күзембаева дәл сондай сипатқа ие жандардың бірі. Салада жұмыс істегелі бері  қатарластарына дос, құрбы, ата-апаларға сіңлі, қарындас, енді біреулерге өзі апа болып жүрген жайы бар. Ұжымда да абыройлы, беделді, жастармен тәжірибесін бөлісетін тәрбиеші. 

"Біздің бөлімде әлеуметтік қызметкер атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін жандар еңбек етеді. Олардың ішінде шоқтығы биік тұрған білімді де, білікті маман Нағиман Өмірқызының орны ерекше. Қызмет алушылар да Нағиманның алдынан көтеріңкі көңіл-күймен кетеді", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиал директорының әлеуметтік сала бойынша орынбасары Фарида Маратқызы Бокижанова. 

Нағиманның айналасына нұрын шашып, жасаған жақсылығы да қайтарымсыз емес. Ұжым басшылығынан бастап сала министрлігіне дейінгі және мемлекеттік органдардың көптеген  марапаттауларына, "Әлеуметтік саланың үздік қызметкері" төсбелгісіне ие болған. Ең бастысы, халықтың қошеметінен құралақан емес.


"Алматы – еліміздің мәдени астанасы. Мұнда еліміздің білімді де зиялы қауымы көп тұрады. Сондай жандармен дидарласып, сөйлескеннің өзі бір ғанибет. Қызмет барысында талай зиялы жандармен сұхбаттасудың сәті туды. Көптеген жанға көмегім тиіп, олардың қуанғанынан қуат алдым, жұмысқа шабыттана кірістім", - дейді Нағиман Өмірқызы. 
Айналасын әркез ізгілік пен мейірімге толтырып жүрген Нағиман Күзембаева өз жұмысын шын сүйетін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жарқын бір үлгісі. 

"Мен осы салада 93 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашында Алматы қаласы Алмалы ауданындағы халықты жұмыспен қамту басқармасында маман болып бастадым. Бұл салада тікелей халықпен  жұмыс істейсің. Алдыңа кеңес, көмек сұрап келген адамға жауап беру үшін өзің заңды, ережелерді жақсы білу керексің. Сол үшін көп оқып, іздендім. Есесіне халықтың алғысына бөленіп жататынмын. Көбінде зейнетақы мәселесімен қарттар келеді. Бізде Тәуелсіздік алғалы зейнетақыға қатысты заңда бірнеше рет реформалар болды, біз солардың бәрін түсіндіріп беріп отырдық. Олар соңғы шығып жатқан заңнамалар, ережелер жайлы біле бермейді. Сондықтан оларға кеңінен түсіндіріп, құжаттарды қалай толтыру керектігін көрсететінмін", - дейді ол. 
Сөз арасында ол қазір бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеп жатқандарын, кез келген ХҚКО-да зейнетке шыққалы жатқан адамға кеңес беретін мамандар бар екенін айтты.


"Олар қандай құжат тапсыру керектігін, қайда бару қажеттігін бәрін түсіндіреді. Онда тек зейнетақыға қатысты емес, басқа да сұрақтар бойынша кеңес алуға болады. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы халыққа жақсы қызмет көрсетіп жатыр. Бұрынғыдай емес қазір құжаттар тез өңделіп, жасалады. Баяғыда ұзын сонар кезек болатын, қазір оның бәрі реттелді. Бәрі халықтың қолайлы қызмет алуы үшін жасалып жатыр. Қазір ХҚКО күніне мыңдаған адамды қабылдай алады", - дейді Нағиман Өмірқызы.  
Ол қай жерде жүрсе де құжа толтыру, өткізу бойынша кеңес беруден аянбайтынын жеткізді.

"Танымайтын ортада осы тақырыпта әңгіме айтылып жатса кірісіп кетемін. Кейбірі құжат ісіне қатысты анда барасың, мында барасың деп қате айтып жатады. Соны тыңдап отырып жоқ олай емес, былай деп ескертпе жасай отырып бәрін түсіндіріп беремін. Негізі көпшіліктің сөзіне құлақ аса бермей мекемелердің өзіне барып сұраған жөн. Ол жерде заңгерлер, кеңесшілер отырады. Сұрағыңызға тек солардан ғана нақты жауап ала аласыздар. Қазір барлық жерде ашықтық орнаған, кедергілер жоқ, оның үстіне жемқорлыққа қарсы күрес те жүріп жатыр", - дейді ол. 

Кейіпкеріміз әлеуметпен жұмыс істегендіктен олардың жағдайымен де жақсы таныс. Сөз арасында әсіресе елдегі жастарға қамқорлық жасалса деген ойын білдірді.

"Кеңес үкіметі кезінде балабақшадан бастап көп нәрсе тегін болды. Қазіргі жастарды аяп кетемін. Бұрынғыдай зауыт, фабрикалар жоқ, жастардың көпшілігі жұмыс іздеп жүреді. Оның үстіне бәрі қымбаттап жатыр. Осыны ескеріп биыл Жастар жылы деп қабылданды, бұл нағыз құптарлық іс. Қазақ жастары жұмыс істемейді деп айтуға болмайды, олардың қолынан көп нәрсе келеді. Үкімет соларға назар аударып, көңіл аударса деймін. Жастардың жағдайы жақсарса еліміздің туу көрсеткіші де жоғарылайтын еді", - деді маман. 

Сөз соңында ол әріптестерін келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

"Ізгіліктің гүлін егіп жүрген мерейлі жандарды алдағы әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесімен шын жұректен құттықтаймын! Әлеуметтік қызметкерлер күні – бұл адамдардың мәселелерін өздеріне бірінші қабылдайтын және осы мәселелерді өз мүмкіндігіне қарай шешуге көмектесетін жандардың мерекесі! Бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады. Жас мамандарға алға қарай ұмтылып, өз ісінің білікті маманы болуларын тілеймін. Алдарыңа келген адамды жылы қабылдап, оның  ризашылықпен кетуіне жұмыс істеңіздер", - деді ол. 

Әлеуметтік қызметкерлер күні Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы "Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" №164 Жарлығы негізінде аталып өтіледі. Қазанның соңғы жексенбісінде "Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлер күні" мерекеленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы