Ізденісі игілікке жеткізген дәнекерлеуші
BAQ.KZ тілшісі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының тумасы, облыстық "Кәсіби маман – 2025" байқауының жеңімпазы, дәнекерлеуші Сайлау Бауыржанның шеберлігі мен кәсібі жайында сұхбат құрды.
"Кәсіби маман – 2025" байқауының жеңімпазы ел еңбегінің қадірін дәріптеп жүр. Бүгінгі жастардың табандылығы мен еңбекке деген сүйіспеншілігі ел дамуының маңызды кепілі. Қай салада болсын, өз ісін жетік меңгерген жас мамандардың еңбегі мемлекетіміздің болашағын айқындайды. Осындай еңбекқор, іскер жастардың бірі – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының тумасы, облыстық "Кәсіби маман – 2025" байқауының жеңімпазы, дәнекерлеуші Сайлау Бауыржан.
Бүгінгі кейіпкеріміз дәнекерлеу ісімен алты жылдан бері айналысып келеді. Ол мектеп бітірген соң осы істі толық меңгеріп, өз ісіне адалдықпен кіріскен.
Дәнекерлеу – маған жай ғана кәсіп емес, өмірімнің бір бөлігіне айналды. Бұл салада ұқыптылық пен төзім керек. Бірде-бір жіберілген қате – үлкен қауіп. Сондықтан әр жұмысқа жауапкершілікпен қарауды үйрендім, – дейді өз сөзінде.
Бауыржан алғаш еңбек жолын жергілікті цехта бастаған. Қарапайым дәнекерлеушіден тәжірибелі шеберге дейінгі барлық қалтарысты, қатпарлы жолдан өтті.
Басында, әрине, қиындық көп болды. Тәжірибем аз, қолым болса үйренбеген, онша икемге келмейді. Бірақ еңбек еткен сайын, ізденген сайын, әр қателігімнен сабақ алып, кәсібіме деген қызығушылығым артып, ізденіс үстіне іздене бердім. Қазір өз ісіме, атқарған жұмысыма сенімім мол. Көп тер төгу арқылы қолым жеткен кәсібім қазір негізгі табыс көзіме айналды. Қолымнан келмейтін дүние жоқ деп ойлаймын, – дейді ол күліп.
Тәжірибесін арттыра жүріп, ол қосымша табыс көзі ретінде көлік дөңгелектерін желімдеу орталығын ашуды ұйғарады. Бұл шешім оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастамасы болды.
Адам үнемі ізденісте болуы керек. Өмірде тек жалдамалы жұмысшы болып қалмай, өз кәсібімді ашу менің үлкен арманым еді. Ауданымызда дөңгелек жөндеу қызметі жетіспейтін. Сол олқылықтың орнын толтырсам деп шештім, – дейді Бауыржан.
Ол мемлекет тарапынан көрсетілетін жастарға арналған қайтарымсыз грант бағдарламасына қатысып, өз жобасын ұсынып, жеңімпаз атанады. Алған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шағын желімдеу орталығын іске қосады.
Грант маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Алғашында қорқыныш болды – табыс әкеле ме, адамдар сенім арта ма, клиент жинай аламын ба деген сұрақтар мазалады. Бірақ еңбек ешқашан далада қалмайды екен. Біртіндеп тұрақты клиенттер жинала бастады. Қазір жұмысым бір жолға қойылды. Ең бастысы – өз кәсібіңді сүйсең, табыстың өзі келеді, – дейді ол.
Биыл облыстық деңгейде өткен "Кәсіби маман – 2025" жастар байқауында Сайлау Бауыржан өз кәсібін таныстырып, дәнекерлеу және желімдеу саласындағы тәжірибесін ортаға салды. Оның қол еңбегі мен кәсіби шеберлігі, көпшілікке қолжетімді қызметі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау мен үшін үлкен мектеп болды. Өз ісіңді өзгелерге таныстыру оңай емес екен, бірақ менің тәжірибем мен еңбегім бағаланғанына қуаныштымын. Бұл жеңіс – менің ғана емес, ауданымыздың да абыройы. Шындығында, байқаудан алған әсерім ерекше. Осындай жобалар жастарды қанаттандырады, өз ісіне сенім ұялатады, – дейді Бауыржан.
Қазіргі таңда Бауыржан дәнекерлеу мен желімдеу ісін қатар алып жүр. Келешекте кәсібін кеңейтіп, шетелден сапалы дөңгелектер әкеліп, аудан тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынуды жоспарлап отыр.
Кәсіптің тұрақты дамуы үшін жаңашылдық қажет. Болашақта сервистік қызметті кеңейтіп, аудан халқына барынша сапалы әрі сенімді қызмет көрсеткім келеді. Сонымен қатар, қызығушылығы бар жастарға тәжірибе беріп, шәкірт тәрбиелеу жоспарымда бар. Мен сияқты ауылдың баласы еңбектің арқасында жетістікке жететінін дәлелдегім келеді, – дейді ол.
Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба жас маманның еңбегін жоғары бағалайды.
Біздің ауданға дәл осындай еңбекқор, іскер жастар өте қажет. Сайлау Бауыржан – өз ісінің нағыз шебері. Ол қарапайым дәнекерлеушіден кәсіп иесіне дейін өскен. Бұл – жас буынға үлкен үлгі. Бүгінгі жастарға қарап ертеңгі күнге сенім артады. Біз мұндай азаматтарды әрдайым қолдаймыз. Олар – ауданның дамуына серпін беретін күш, – дейді Жандар Тоқсаба.
Орталық директорының айтуынша, соңғы жылдары ауданда өз ісін ашқан жас кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар жастардың идеяларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп отыр.
Біздің мақсатымыз – жастарды тек оқуға емес, еңбекке баулу. Әрбір еңбек адамы – ауданымыздың мақтанышы. Сайлау сияқты жастардың жетістігі өзгелерді ынталандырады, жігерлендіреді, – дейді ол.
Шынында да, Сайлау Бауыржанның жетістігі – еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын мысалы. Оның жеткен жетістігі тек жеке жеңіс емес, тұтас аудан жастарының мерейі.
Мен өз ісім арқылы тек табыс тауып қара басымның қамын күйттегім келмейді, адамдарға пайда әкелгім келеді. Күн сайын бір дөңгелек жамап, бір бөлшек дәнекерлеп жүріп-ақ елге қызмет етуге болады. Еңбектен ұялмау керек. Қара жұмыстың да қадірі бар. Тек адал болу керек, – дейді ол сөз соңында.
Бүгінде оның шеберханасы аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, бірнеше жас маманға жұмыс орнын ұсынып отыр.
Ел болашағы – еңбекқор жастардың қолында. Осындай талапты, қайсар азаматтар барда Жамбыл ауданының да, еліміздің де келешегі кемел болары анық деп аудан халқы мақтаныш етеді.
"Кәсіби маман – 2025" байқауында үздік атанған Сайлау Бауыржан – өз ісін сүйген, елге үлгі болар еңбектің ерен адамы.