Иван Жилин: Тілге құрмет – елге құрмет

Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алып жүрген курсант Иван Жилин болашақта білімді, мықты офицер ғана емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға тамшыдай болса да үлес қоссам дейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 - Иван, өзің жайлы бір-екі ауыз сөз айта өтсең?

Мен, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тұңғыш қорғаныс министірі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 2 курс курсантымын.

 Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында өмірге келгем. Бала кезімнен офицер болуды арман еттім. Анамыз інім Андрей екеуміздің балғын шағымыздан бастап жүректерімізге өз отанымызға деген махабатты ұялата білді.  Оқушы кезімнен бастап-ақ алдыма «офицер боламын» деген мақсат қойғанмын. Сол мақсатқа талпынып, жетуге бар күш-қуатымды салдым. Мектепті жақсы оқып бітіріп, міне курсант атандым.

 - Иван, неге сен осы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын таңдадың?

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын таңдаған себебім, бұл білім ордасы мықты, білімді офицерлерді дайындайды деп естідім. Оның үстіне бүгінде Қарулы күштерде қызмет етіп жүрген көп генералдар осы оқу орнынан шыққан. Менде солардай мықты, білімді офицер болуды армандаймын. Болашақта туған жеріме, Қазақстан Республикасына адал қызмет ету міндетім деп ойлаймын.

 - Қазақшаңыз тәуір екен?

Иә, қазақ аулында туып-өстім ғой. Оның үстіне достарымның бәрі қазақ. Мектепте ең сүйікті сабағым қазақ тілі мен әдебиеті болатын. Үйде де қазақша сөйлейміз. Мен қазақ тілін ана тілім деп білемін, құрметтеймін, Қазақстанда туып-өскеннен кейін мемлекеттік тілді білу керек деп ойлаймын.

 - Алға қойған мақсатың қандай?

Мақсатым мықты офицер болу, елге адал қызмет етіп, білікті әскери қызметші атану. 

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңе рахмет!  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы