IV деңгейлі бюджет ауыл өмірін қалай өзгертті?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасына қатысты. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директорының орынбасары Динара Мукушева ауыл әкімдерінің жұмысына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қандай мәселелер бар және оларды қалай шешуге болады?

Спикердің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ауылдық аумақтарды дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған шараларға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Жүргізіліп жатқан саясат пен жергілікті атқарушы органдардың белсенділігі нәтижесінде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалып отыр. Мәселен, жоғары әлеуеті бар ауылдардағы халық саны 2019 жылғы 6,6 миллионнан 2025 жылы 6,9 миллион адамға дейін өсіп, 320 мың адамға артты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция да айтарлықтай көбейді: 2019 жылғы 494,9 млрд теңгеден 2025 жылы 737,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды, - деп атап өтті Динара Мукушева.

Сонымен қатар ол ауыл экономикасын қалай дамытуға болатынына тоқталды.

Ауыл экономикасының дамуына серпін берген маңызды қадамдардың бірі – IV деңгейлі бюджетті енгізу. Бұл жүйе ауылдық әкімдердің салық базасын кеңейтуге және кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға мүдделілігін күшейтті. Себебі ауыл округінің кірісі жеке табыс салығы, мүлік, жер және көлік салығы, сыртқы жарнама үшін төлем, бірыңғай жер салығы және басқа да сегіз түрлі салық пен алым есебінен қалыптасады. Яғни бизнес қаншалықты қарқынды дамыса, ауыл бюджеті соншалықты орнықты болады, - дейді институттың өкілі.

Бұл ынталандырудың әсерін нақты көрсеткіштер де растайды деп отыр. Айта кетерлігі, шаруа және фермер қожалықтарының саны 2019 жылғы 221,2 мыңнан 2025 жылы 271,3 мыңға дейін өскен.

Салық түсімдері де айтарлықтай артқан:

  • 2022 жыл – 6,4 млрд тг
  • 2023 жыл – 10,1 млрд тг
  • 2024 жыл – 14,6 млрд тг

Ал 2018–2024 жылдар аралығында ауыл округтерінің бюджетіне жалпы 353,2 млрд теңге түсіп, жылдық түсімдер 248,4%-ға өскен: 2018 жылғы 32,2 млрд теңгеден 2024 жылы 112,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Бұл мәліметтер ауыл кәсіпкерлігін дамыту, қызмет түрлерін көбейту, жұмыспен қамту және бюджетті тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар қазір мемлекет ауылдық акимдердің өкілеттігін кеңейтуге бағытталған бірқатар қосымша тетіктерді қарастырып жатыр, - деді Динара Мукушева.

Олардың қатарында:

Ауылдық округ әкімдігіне механизатор, дәнекерлеуші, сантехник, электрик, шатыршы, заңгер, бухгалтер сияқты қажет мамандарды келісімшартпен, еңбекақыны орындалған жұмысқа қарай төлеп жалдауға мүмкіндік беру. Бұл ауылдағы тұрмыстық және техникалық мәселелерді жедел шешуге жол ашады.

Ауыл тұрғындары мен шағын бизнес субъектілеріне қызмет көрсету үшін арнайы техника мен ауыл шаруашылығы машиналарын сатып алуға рұқсат беру.

Ауыл әкімінің аппаратын кеңейту және келесі бағыттарды қосу:

  • көше саудасын бақылау;
  • қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбетін қадағалау;
  • балалар және спорт алаңдарының жағдайын бақылау;
  • ақылы қызмет көрсету (аумақ тазалау, ұсақ жөндеу, техникалық қызмет көрсету және т.б.).

Дегенмен өкілеттіктерді кеңейтумен бірге ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды бағыт: шаруа және фермер қожалықтарының кооперациясын дамыту бар.

Сондай-ақ ауыл әкімдеріне ауыл тұрғындарының құқықтық, қаржылық және кәсіпкерлік сауаттылығын көтеруге көбірек көңіл бөлген жөн. Мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, мамандарды шақырып кеңес беру, ШОБ пен агробизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды оқыту – мұның бәрі ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттырып, шаруашылықты тиімсіз жүргізу қаупін азайтады, - деді спикер.

Пайымдауынша, кооперацияны кешенді қолдау және ауыл тұрғындарының құзыретін арттыру – ауылдағы шағын және орта бизнестің тұрақты дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейтуге және жалпы ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы