Алматыда итті құтқарған адамдарға қойылған мүсін жаһандық сенсацияға айналды
Алматыдағы итті құтқарушыларға арналған ескерткіш туралы оқиға әлем жұртшылығының назарын аударды.
Алматыдағы итті құтқарушыларға арналған ескерткіш туралы оқиға күллі әлемге тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматыдағы итті құтқарушыларға арналған ескерткіш туралы оқиға әлем жұртшылығының назарын аударды. Сайран өзенінің арнасындағы бейтаныс жандардың итті құтқару үшін қолұстаса тізілген сәті мәңгі ескерткіш болып қалды. Соңғы мүсіннің созылған қолы қоршаудан асады, әр адам оған өз қолын қойып, бірлік тізбегінің бір бөлігі бола алады.Қарапайым адамгершілік әрекет көптің көңіліне жылы сезім ұялатып, ынтымақтың белгісіне айналды.
«Бірлік» деп аталатын арт-нысанның авторы – мүсінші Ерболсын Мелдібеков.
Қола ескерткіш ресми ашылуына дейін әлемнің медиа кеңістігіндегі сенсациялық ақпарат болды. Салтанатты ашылуына екі күн қалғанда, соңғы орнату жұмыстарының фотолары әлеуметтік желілерге салынып, жаңалық бірден тарап кетті. Қазақстан ғана емес шекара асып Испания, Вьетнам, Бразилия, Үндістанға дейін жетті.
Өткен аптада әлемнің 30-дан астам елінде Алматыдағы арт-нысан туралы жүзден аса жарияланым шықты. Оның ішінде ірі халықаралық басылымдар да бар: CBS (АҚШ), BBC Arabic, Times of India (Үндістан), Yonhap (Оңтүстік Корея), Sin Chew Daily (Малайзия), La Repubblica (Италия), Inquirer.net (Филиппин), laJornada (Мексика) және оннан аса медиа жариялады. Әлемдік аудитория бойынша қаралым көрсеткіші 500 ммиллионнан асты.
Ынтымаққа ұйытқы болған оқиға әлемдегі әлеуметтік желілерді де жаулап алды. «Бірлік» ескерткішінің фотосын 40 млн-нан аса оқырманы бар Instagram-дағы @Pubity аккаунты жариялады. Ал @jackie.sffgff салған видео 18 млн-нан аса қаралым жинады. Reddit платформасында қолданушылар бұл мүсінді «ізгілік пен адамдықты қадірлейтін қоғамның белгісі» деп бағалауда.
Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар қарқыны әлі де азаймай тұр, танымал платформаларда күн сайын жаңа посттар мен видеолар шығып жатыр.
Әлем Алматыны адамгершілік пен бірліктің ордасына ретінде таныды. Сан алуан тілдегі пікірлер бойынша бейтаныс жандардың әрекетіне тәнті болғандар көп. Олардың ісін адамгершіліктің символына балап, әлеуметтік желідегі жүрекке жылылық сыйлайтын оқиға деп баға беруде.