Бүгiн 2026, 15:56 Фото: gov.kz

Итті көріп, маса торына сүйенген: Ақмолада 7 жасар бала терезеден құлап кетті

Ақмола облысында жеті жасар бала үшінші қабаттан құлап кетті.

Ақмола облысында жеті жастағы бала көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлап кетті. Бала маса торына сүйенген кезде тор салмақты көтермей қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2026 жылғы 4 наурызда аудандық ауруханадан кезекші бөлімге 7 жастағы баланың ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама түсті, - деп хабарлады өңірлік Полиция департаменті.

Алдын ала деректерге сәйкес, бала үйде ағасымен бірге болған. Екеуі балконға шыққан кезде төменде жүрген итті байқап, бала маса торына сүйенген. Алайда тор салмақты көтере алмай, бала төменге құлап кеткен.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың сүйектері сынбаған. Дегенмен ол қатты шошыну күйінде болғандықтан, таңертеңге дейін дәрігерлердің бақылауында ауруханада қалған.

Полиция қызметкерлері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керектігін ескертті. Мамандар балаларды ашық терезе мен балкон маңында қараусыз қалдырмауға шақырады.

Ведомство деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Ақмола облысында маса торына сүйеніп құлаған балаларға қатысты 19 жағдай тіркелген. Оның екеуі қайғылы аяқталған.