Итінің үйшігіне есірткі жасырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың 37 жастағы тұрғынынан 34 келіден астам «гашиш» табылды. Құқық бұзушы есірткі пакеттерін итінің арнайы жабдықталған үйшігінде жасырған.

Есірткі жеткізу және өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 37 жастағы ер адамнан салмағы екі килограмм «гашиш» есірткісі табылды. Одан әрі тұрғылықты жері бойынша тінту барысында арнайы жабдықталған иттер үйшігінде салмағы 34 килограмнан асатын «гашиш» салынған екі полиэтилен пакет тәркіленді, – деп хабарлады елордалық полициядан.

Нәтижесінде, аталған есірткі түрінің 36,3 килограмы тәркіленді, бұл 73 мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды.

ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап қылмыскердің мүлкін тәркілеп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Ұсталған азамат УҰИ-ға қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деп нақтылады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы