Итбалықтардың неден өлгені анықталып жатыр - министрлік
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары барысында Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында болып, Каспий итбалығының азайып кету себебін зерделеп, осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Президент осы өзекті мәселені өз бақылауына алатынын айтты.
Осыған қатысты Экология министрлігі түсініктеме берді.
Көктемгі уақытта, солтүстік-батыс және батыс дауылдары басталған кезде, Каспий теңізінің жағалауында жыл сайын Каспий итбалықтарының өлімі белең алып кетті. Мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың басынан 30 мамырға дейін Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтардың 219 өлімтігі табылды. Оның қатты ыдырау сатысында болғандықтан токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмады. Осыған орай итбалықтардың өлімі қысқы мезгілде болған деп болжауға болады - делінген министрлік ақпаратында.
Табылған ұшалар Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының және жергілікті атқарушы органның күшімен, санитарлық нормаларды сақтай отырып кәдеге жаратылады.
Ғылыми ұйым қызметкерлерінің ақпараты бойынша, зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ жануарлардың өлімінің болжамды себептерін осы жылдың маусым айында жариялау жоспарланып отыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылдау мәселесі қаралады - дейді министрлік өкілдері.
Ел Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен Каспий итбалығы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне енгізілген.
Ғылыми ұйымдардың күш-жігерін қолдау үшін 2021 жылы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында ҚР ЭГТРМ мен РФ Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына (бұдан әрі-бірлескен жоспар) қол қойылған. Бірлескен зерттеулер қорытындысы бойынша, бірлескен жоспар шеңберінде «Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі» ЖШС, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «Ресей Ғылым академиясының А.Н. Северцов атындағы Экология және эволюция проблемалары институты» ФМБҒМ-мен Каспий итбалығын сақтау бойынша қосымша шаралар әзірлеу жоспарлануда, олардың бірі Каспий итбалығының мекендеу орындарын сақтау және көбейту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылады - дейді мамандар.
Сонымен қатар, 2019 жылғы тамызда Ақтау қаласында бюджеттен тыс қаражат есебінен Каспий итбалығын зерттеу және оңалту жөніндегі Қазақстандағы алғашқы орталық ашылды. Орталық ауру және жарақаттанған итбалықтарды емдеумен, оңалтумен және кейіннен оларды мекендеу ортасы-Каспий теңізіне шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда Орталық 40-тан астам итбалықты емдеп, табиғи мекендеу ортасына қайтарды.