Италияның оңтүстігінде жер сілкінді: зардап шеккендер бар
Кейбір аудандарда электр жарығы өшіп, бірнеше ғимараттың қасбеті қираған.
Италияның оңтүстігінде магнитудасы 4,7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпуі әсіресе Неаполь және Поццуоли қалаларының тұрғындарына қатты сезілген. Бұл туралы Il Messaggero басылымы хабарлады.
Алғашқы күшті жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 19:46-да (Астана уақытымен 22:46) болды. Оның эпицентрі белсенді Сольфатара жанартауы маңында, 3 шақырым тереңдікте орналасқан. Кейін, сағат 22:00-де (Астана уақытымен 01:00) тағы бір күшті жерасты дүмпуі тіркелді. Қатты шошынған тұрғындар үйлерін тастап, көшеге шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, Неаполь маңында сегіз адам жеңіл жарақат алған.
Поццуоли қаласындағы Виа Перголези көшесінде бір ғимарат қабырғасының бір бөлігі құлаған. Сондай-ақ бірнеше ғимараттың қасбеті зақымданып, қираған аумақты шаң басқан.
Қазіргі уақытта адам шығыны туралы ақпарат жоқ.
Қауіпсіздік мақсатында Неапольдегі теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Әлеуметтік желілерде тұрғындар бастан кешкен сәттерімен бөлісіп жатыр.
Қатты гүріл естілді. Мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Неапольде соңғы 30 жылда мұндай күшті жер сілкінісін сезінген жоқпын. Төртінші қабатта тұрамын, бүкіл үй шайқалды, – деп жазды X желісінің қолданушысы Лелло Пинто.
Жер сілкінісі Прочида және Искья аралдарында да анық сезіліп, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды.
Жерасты дүмпулері кезінде Италияның кейбір аудандарында электр энергиясы уақытша өшкен.
Италияның Премьер-министрі Джорджа Мелони жер сілкінісінен кейінгі жағдайды бақылап отыр. Оның тапсырмасымен құрылған дағдарыс штабы зардаптарды бағалау және жедел әрекет ету жұмыстарын үйлестіруде.
- Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымында жаңа қызметке сайланды 21:19
- Марқакөл қорығында қоңыр аю көзге түсті 20:55
- Мемлекет басшысы Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Наһаянмен кездесті 20:28
- 13 қыркүйек күні ауа райы қандай болады 20:25
- Рыбакина – Соболенко арасындағы US Open финалы: тікелей эфирді қайдан және қашан көруге болады 20:10
- Ақмола облысында қатты жел балықшыны көл ортасына алып кеткен 19:50
- Ұлыбританияда эвтаназияны заңдастыру туралы заң жобасы қабылданбады 19:12