Италиялық компания Атыраудағы газ-химия кешенінің құрылысына атсалысады
Мемлекет басшысы Италияға ресми сапары аясында Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға және жасыл технологияларды дамытуға бағытталған Maire Tecnimont компаниясының маңызды жоспарына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі еліміз Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдады және өндірісте үздік технологияларды енгізуге ұмтылады.
Алессандро Бернини Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Мемлекет басшысы компанияның елімізде газ-химия кешенін салуға қатысу ниетін оң бағалады.
Maire Tecnimont компаниясымен Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысының екінші кезегінің полимерлеу учаскесін жобалау жөніндегі шартқа өткен жылдың сәуір айында қол қойылды.