Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Милан – Кортина – 2026 қысқы Паралимпиадасына 56 елден 600-ден астам спортшы қатысады.
Италияның Верона қаласында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Милан – Кортина – 2026 қысқы Паралимпиадасына 56 елден 600-ден астам спортшы қатысады. Бұл дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша ел намысын қорғайды.
Пара биатлон мен пара шаңғы жарысында Қазақстан атынан Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді. Ал пара шаңғы жарысында Нурлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва жарыс жолына шығады.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, бұл ойындар қазақстандық спортшылар үшін өз шеберлігін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғауға берілген маңызды мүмкіндік.
Ұлттық құраманың әрбір мүшесі бұл жарысқа ұзақ әрі күрделі дайындықпен келді. Олар күн сайын тынымсыз еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты. Ертең спортшыларымыз үшін алғашқы жарыс күні. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамамызға жанкүйер болуға шақырамын. Спортшыларымызға сәттілік, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін, – деді ол.
Айта кетейік, Милан–Кортина–2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында өтеді. Жарыс барысында пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей бойынша барлығы 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы 7 наурыз күні пара биатлоннан 7,5 шақырымдық спринт жарысында бақ сынайды. Бұл сында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді.
Ұлттық құрама қатысатын жарыстардың тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.