Италияда Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады
Бұл туралы брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілі Күміс Сейітова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Италияның Венеция қаласында екі жылда бір рет әлемдік өнер сахнасының ең беделді халықаралық өнер көрмелерінің бірі Венеция өнер биенналиесы ұйымдастырылып отырады, – деп бастады сөзін министрлік өкілі.
Ол Мемлекет басшысы қаңтар айында Италияға жасаған ресми сапары кезінде Италия Республикасының министрлер кеңесінің төрағасымен бірге Қазақстанның атынан 60-шы Венеция биенналиеге қатысу жөнінде өтінім бергенін атап өтті.
Мемлекеттің тікелей қатысуымен тұңғыш рет Қазақстанның ұлттық павильоны ұйымдастырылып отыр. Ұлттық павильон комиссары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, – деді Сейітова.
Ұлттық павильон кураторлары болып Данагүл Төлепбай мен Анвар Мүсрепов айқындалды. Олар былтыр да Қазақстан атынан аталған көрмеге министрлік қолдауынсыз қатысқан.
Ұлттық павильон келушілердің сұранысына ие Венециядағы тарихи, мәдени ғимараттардың бірі – Италия Ұлттық музейіне қойылады. Павильон Жерұйық деп аталды, – деді Күміс Сейітова.
Көрме 2024 жылдың 20 сәуірінен 24 қарашасына дейін жалғасады. Онда танымал қазақстандық суретшілердің заманауи интерпретацияланған туындылары ұсынылады.