Италияда наразылық кезінде 400-ге жуық адам ұсталды
Қайтадан тәртіпсіздік болуы мүмкін деп қауіптенген көптеген люкс санатындағы дүкендердің иелері витриналарын қоршаулармен бекітіп қойған.
Италияда 24 қазанда бағаның өсуіне және Джорджа Мелони үкіметінің саясатына қарсы жаңа наразылық акциялары өтті. Полиция тоғыз адамның тұтқындалғанын, тағы 371 адамның уақытша ұсталғанын хабарлады. Олардың 110-ы кәмелетке толмағандар. Бұл туралы BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап жазды.
Миланға 500 әскери қызметші жіберілді
17–18 қазандағы наразылықтар тәртіпсіздікке ұласқаннан кейін Италия билігі Милан қаласына элиталық бөлімшелердің 500 әскери қызметшісін жіберді.
Сонымен қатар үкімет кәмелетке толмағандарды ұстау тәртібін жеңілдетіп, мүлікке зиян келтірген жағдайда олардың ата-аналарына айыппұл салу мүмкіндігін кеңейтті.
Наразылық акцияларын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар пайдаланылды. Теміржол вокзалдарындағы патрульдеу күшейтілді. Бұған қоса, билік өкілдері жаңа тәртіпсіздіктерге шақыруларды анықтау мақсатында интернеттегі белсенділікті жіті қадағалады.
Бірқатар қалада полиция күш қолданды
dpa агенттігінің мәліметінше, Миланда наразылық акциялары кешке дейін негізінен бейбіт өткен. Алайда қала орталығында демонстранттар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығысқан. Полиция наразылық білдірушілердің шеруін тоқтату үшін резеңке таяқшалар қолданған.
Қайтадан тәртіпсіздік болуы мүмкін деп қауіптенген көптеген люкс санатындағы дүкендердің иелері витриналарын қоршаулармен бекітіп қойған.
Болонья қаласында полиция демонстранттардың теміржол вокзалына жақындауына жол бермеу үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданды. Ал Туринде құқық қорғау органдарының қызметкерлері наразылық білдірушілерді қалқандардың көмегімен кейін ығыстырды.
Римде Палестинаны қолдаған шеру өтті
Рим қаласының тарихи орталығында негізінен Палестинаны қолдауға бағытталған шеру ұйымдастырылды. dpa агенттігінің хабарлауынша, бір сәтте оның қатысушылары Колизейдің ішіне кіріп кеткен.
Наразылық акциялары Неаполь мен Флоренция қалаларында да өтті.