Италияда медбике өзіне қол жұмсады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Италияның Монза қаласында (Миланның жанында) 34 жастағы медбике өзіне қол жұмсады. Ол өзінің коронавирус жұқтырғанын білгеннен кейін осы әрекетке барған. Бұл туралы Daily Mail жазады.
Даниела Трецци коронавирустың ең көп таралған аймағы Ломбардиядағы Сан-Жерардо ауруханасында реанимация бөлімінде жұмыс істеді. 10 наурыздан бастап медбикеден инфекция белгілері анықталып, ол карантинде болған.
Медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын жұқтырғанын білген соң, өзіне қол жұмсаған.
Италиялық Ұлттық мейірбике ісі федерациясы Треццидің басқа адамдарға коронавирус жұқтырдым деп қорқып, "қатты күйзелістен" зардап шеккенін хабарлады. Олар Даниеланың өзін-өзі өлтірген алғашқы медицина қызметкері емес екенін айтты. Осыдан бір апта бұрын Венецияда да бір медбике өзіне қол жұмсаған.
Италияда 26 наурыздағы жағдай бойынша күніне COVID-19 жұқтырғандардың саны 4492-ге артып, 62 013-ке жетті, бір тәулікте зардап шеккендер саны 662-ге өсті, барлығы 8165 адам қайтыс болды.
ДДҰ директорының орынбасары Раньери Гуэрраның айтуынша, Италия билігі қабылдаған шаралар өз нәтижесін беруде.
Қателік түзеледі, алдағы күндері көрсеткіштер саны азаяды деп үміттенеміз, - деді әлемдік ұйым өкілі.