Италияда көлік адамдар тобына соғылып, 8 адам жарақат алды
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.
Италияның Модена қаласында көлік жаяу жүргіншілер тобына соғылып, салдарынан 8 адам жарақат алды. Олардың төртеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды.
DW порталының жазуынша, оқиға қала орталығында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, көлік тротуарға шығып, бірнеше адамды қағып өткен. Кейін көлік жүргізушісі қолына пышақ алып, оқиға орнынан қашуға тырысқан.
Куәгерлердің айтуынша, көлік жоғары жылдамдықпен қозғалып, жаяу жүргіншілерге соғылғаннан кейін жүргізуші айналадағыларға шабуыл жасаған. Алайда оны өтіп бара жатқан адамдар ұстап, полицияға тапсырған.
Италиялық БАҚ мәліметінше, рульде Мароккодан шыққан Италия азаматы болған. Қазіргі уақытта ол полицияда жауап алуда.
Қаланың мэрі Массимо Меццетти оқиғаны «өте ауыр жағдай» деп бағалап, зардап шеккендерге қолдау білдірді. Италия премьер-министрі Джорджия Мелони де оқиғаға пікір білдіріп, құқық қорғау органдарының жедел әрекетін жоғары бағалады.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.