12 Қараша 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Италияда 300-ге жуық мектепке бомба қойылғаны туралы хабарлама түсті

Қазіргі уақытта полиция электрондық хаттардың шығу тегін анықтап жатыр.

Италияның әр өңіріндегі 300-ге жуық мектепке бомба қойылғаны туралы электрондық хаттар жіберіліп, бірқатар білім беру мекемелері эвакуацияланды. Хаттардың бірінде ел премьер-министрі Джорджа Мелониге де қоқан-лоқы жасалған. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Хатта жіберуші өзін «Mikhail Andropov, leader del Vilayat di Misoginistan» деп таныстырып, Италия премьер-министрінің көлігіне бомба қойылғанын жазған. Сондай-ақ хабарламада қорлау сөздері мен қорқыту мазмұнындағы мәлімдемелер болған.

Италияның білім министрі Джузеппе Вальдитара ел бойынша осындай 300-ге жуық дабыл тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға кездейсоқ сипатта емес, белгілі бір стратегияның белгісі болуы мүмкін.

Хабарламалардан кейін полиция мен карабинерлер түрлі қалалардағы мектептерге барып, ғимараттарды тексерді. Құқық қорғау органдары ықтимал жарылғыш құрылғылардың бар-жоғын анықтап, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алды.

Қорғаныс министрі Гидо Крозетто бұл оқиғаға қатысты Парламентте баяндама жасайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай хабарламалардың мақсаты – қоғамда үрей туғызып, тұрақсыздық қалыптастыру. Сонымен қатар министр олардың барлығының артында шетелдік күштер тұр деуге болмайтынын, кейбір хабарламалар жеке адамдардың әрекеті болуы мүмкін екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта полиция электрондық хаттардың шығу тегін анықтап жатыр.