1 Қыркүйек 2026, 02:28 Фото: @Policía Nacional ресми Facebook парақшасынан

Италия мен Испания заңсыз мигранттар легінен кейін енгізілген шекаралық бақылауды ұзартты

Испанияда 30 және 31 шілдеде ел аумағына кірген шамамен 5-8 мың мигрант әлі де қалып отыр.

Италия үкіметі Испаниямен әуе және теңіз шекараларындағы бақылауды тағы 15 күнге ұзартты. Артынша Мадрид те осындай шара қабылдайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы Euronews жазды.

Италия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шекаралық бақылау 1 тамызда енгізілген болатын. Оны ұзарту туралы шешім Мароккодан Испанияның Сеута қаласына заңсыз мигранттардың жаппай ағылуынан кейін қоғамдық тәртіпке, ішкі қауіпсіздікке және миграциялық ағындарды басқаруға төнген қауіптің сақталуына байланысты қабылданған.

Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни елдің заңсыз иммиграциямен күресте Испанияны қоса алғанда, Еуропалық одақтың барлық елдерімен ынтымақтастығын жалғастыратынын айтты.

Италияның шекаралық бақылауды ұзарту туралы шешімінен кейін Испанияның Ішкі істер министрлігі де осындай мәлімдеме жасады.

Осы жылдың шілде айының соңында шамамен 72 мың заңсыз мигрант (бастапқыда 50 мың адам деп хабарланған) Мароккодан Сеутаға теңіз және құрлық арқылы кірген. Қалаға өтуге әрекет жасау кезінде шамамен 100 адам қаза тапқан. Мадрид бұл жағдайды елге жасалған шабуыл деп бағалап, 2021 жылдан бері алғаш рет Сеутаға әскерилерін жіберді.

1 тамызда Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Сеутаға кірген заңсыз мигранттардың басым бөлігі сол уақытқа дейін Мароккоға қайтарылғанын мәлімдеді.

Хабарламаларға сәйкес, тамыз айының соңында Испания аумағында әлі де 5-8 мың мигрант қалған. Олар арнайы уақытша орталықтарда, сондай-ақ жағалауда ұйымдастырылған стихиялық шатырлы лагерьлерде тұрып жатыр.