21 Қыркүйек 2026, 02:34 Фото: depositphotos.com

Италия мектептерде бурка мен никабқа тыйым салуды жоспарлап отыр

Мелонидің айтуынша, тиісті шара жақын арада Министрлер кеңесінің қарауына ұсынылады.

Италия үкіметі мектептерде бурка мен никаб киюге тыйым салуды және бір сыныптағы шетелдік оқушылар санына шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Джорджа Мелони мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Мелонидің айтуынша, тиісті шара жақын арада Министрлер кеңесінің қарауына ұсынылады. Құжатта бір сыныптағы шетелдік оқушылардың ең жоғары санын заңмен белгілеу қарастырылған. Алайда нақты шекті көрсеткіш әзірге жарияланған жоқ.

Сонымен қатар мектеп жүйесіне бейімделуде елеулі қиындық көріп жүрген шетелдік оқушылардың ата-аналарына итальян тілін үйрену міндетін енгізу ұсынылады.

Мелони бұл шараларды оқушылардың мектеп ортасына және қоғамға бейімделуін жақсарту қажеттілігімен түсіндірді. Fondazione ISMU дерегін келтірген Reuters мәліметінше, Италия азаматтығы жоқ балалар елдегі мектеп оқушыларының 11,6%-ын құрайды.