IT-сарапшы: келесі стартап-юникорнды қыздар жасайды
Алматыда екінші күн қатарынн Digital Almaty-2025 халықаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі
Форумда AI-стартаптар нарығы және инвестициялық стратегиялар талқыланды.
Қатысушылар технопарктердің, акселераторлардың және венчурлық қорлардың AI-бизнес үшін қолайлы ортаны қалыптастырудағы маңызын, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау және Қазақстан экономикасын цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылады.
Silkroad Innovation Hub (АҚШ) негізін қалаушысы және бас директоры Әсет Әбдуалиев 40 миллион доллардан астам инвестиция тартқан 19 стартапты өзінің қоры инвестициялағанын атап өтті.
Біз отандастарымыздың америкалық венчурлық инвесторлардың назарын аударатын табысты AI стартаптарын құрып жатқанын мақтан тұтамыз. Мысалы, Alma – біз ерекше мақтан тұтатын стартап. Оның негізін қалаушылар – Қазақстан мен Қырғызстаннан келген екі қыз, Әсел мен Айзада. Олар 6 миллион доллар көлемінде венчурлық инвестиция тартты және қазір бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде шамамен 700-800 мың доллар табыс табады. Бізден келесі стартап-юникорнды қыздар құратынына сенімдімін. Біздің өңірде тәжірибелі де білімді әйелдер бар және біз оған куә болып отырмыз, — деп атап өтті ол.
Astana Hub Ventures Ltd. аппаратының басшысы Назгүл Байтемирова Гарвард бизнес мектебінің зерттеулеріне сілтеме жасады. Оған сәйкес стартаптардың тек 0,5%-ы венчурлық инвестиция алса, IPO-ға кіретіндердің 50%-ы венчурлық қорлардан қаражат жинады. Жалпы алғанда, айтарлықтай жетістікке жеткен стартаптардың 89%-ы қалай болса да венчурлық инвестицияларға ие болды.
Қазақстанда AI-стартаптарды қолдау үшін $1 млрд нысаналы көлемде венчурлік инвестициялар қорларының қоры құрылды, оның бастапқы капиталы қазірдің өзінде $130 млн құрайды. 2024 жылы Қазақстан, Орталық Азия және шет елдердің стартаптарын қолдауға бағытталған Astana Hub Ventures қоры іске қосылды.
Qazaqstan Venture Group қорларының қоры венчурлік қорларға, AI-стартаптарға және басқа да мүмкіндігі мол бағыттарға инвестициялар үшін стратегияларды әртараптандыра отырып, Қазақстандағы инновациялардың қуатты катализаторына айналады. Бұл венчурлық инновациялардың жаңа толқынына, тұрақты экожүйені қалыптастыруға және бүкіл ел бойынша технологиялық прогресс пен экономикалық өсуді ынталандыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Назгүл Байтемирова.
Fuze компаниясының бас директоры Мұхаммед Әли Юсуф AI нарығының қарқынды өсуіне қатысты пікір білдірді.
Нарық 20 есе өсті және күн сайын жаңа шешімдер шығып жатыр. AI барлық салаға енеді, ал блокчейн және криптоиндустриямен синергия мультипликативті әсер береді. Бүгін біз осы технологияларға инвестициялардың орасан зор өсімін көріп отырмыз: қазірдің өзінде AI, криптовалюта және қаржы қызметтері кіріккен жобаларға 150 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалды, - деді Мұхаммед Әли Юсуф
Сондай-ақ талқылауға White Hill Capital, Tumar VC және Al-Farabi Innovation Hub бас директоры Аслан Сұлтанов, Antler венчурлық қорының серіктесі Адам Френч, MOST Ventures бас директоры және негізін қалаушысы Алим Хамитов қатысты.