30 Қыркүйек 2026, 13:14 Фото: abcdcatsvets.org

Ит пен мысық тістесе, қандай қауіп бар: Дәрігер жұқпалы дерт туралы ескертті

Пастереллез жануардың тістеуі немесе тырнауы арқылы жұғуы мүмкін. Мамандар жарақат кішкентай болса да, медициналық көмекке уақытылы жүгінуге кеңес береді.

Ит немесе мысық тістеп не тырнап алса, жарақатты елемеуге болмайды. Себебі жануардың сілекейі арқылы адамға пастереллез қоздырғышы жұғуы мүмкін. Инфекция тері мен жұмсақ тіндердің қабынуынан бастап, ауыр пневмонияға, сүйек пен буындардың зақымдануына, тіпті сепсиске дейін әкелуі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева ескертті.

Пастереллез қалай жұғады?

Пастереллез – адамдар мен жануарларға ортақ, бактериялар тудыратын жедел инфекциялық ауру. Оның негізгі қоздырғыштарының бірі – Pasteurella multocida бактериясы.

Инфекцияның негізгі көзі – ауру немесе бактерия тасымалдаушы жануарлар. Қоздырғыш үй және жабайы жануарлардың, сондай-ақ құстардың ағзасында кездесуі мүмкін. Адам үшін иттермен, мысықтармен, қояндармен, кеміргіштермен және ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыс кезінде жұқтыру қаупі бар.

Pasteurella multocida бактериясы иттер мен мысықтардың ауыз қуысында кездесуі мүмкін. Сондықтан жануар тістеген немесе тырнаған кезде инфекция жұғу қаупі бар. Тіпті сырттай қарағанда шағын болып көрінетін жарақаттың өзінен бактерия терең тіндерге енуі мүмкін, – дейді Жанна Пірәлиева.

Инфекция жануардың тістеуі немесе тырнауы кезінде ғана емес, оның сілекейі зақымдалған теріге не шырышты қабатқа түскенде де жұғуы ықтимал. Сонымен қатар ауру жануарлармен және олардың бөлінділерімен жұмыс істеу кезінде жұқтыру қаупі бар. Сирек жағдайда бактерия ластанған шаң немесе аэрозоль арқылы тыныс жолдарына түсуі мүмкін.

Қандай белгілерге назар аудару керек?

Пастереллездің белгілері инфекцияның түскен жеріне және адамның жалпы денсаулық жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Жануар тістеген немесе тырнаған жерде қызару, ісіну, ауырсыну, терінің жергілікті температурасының жоғарылауы және іріңді бөлініс байқалуы ықтимал.

Егер инфекция асқынса, дене қызуы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік және жалпы интоксикация белгілері пайда болуы мүмкін. Ауыр жағдайда бактерия қанға таралып, сепсиске әкелуі ықтимал. Сондай-ақ пневмония, буындар мен сүйектердің іріңді қабынуы сияқты асқынулар кездеседі.

Пастереллез кез келген адамда дамуы мүмкін. Алайда жануарлармен тұрақты жұмыс істейтін адамдардың жұқтыру қаупі жоғары. Иммунитеті әлсіреген және созылмалы аурулары бар адамдарда инфекция ауыр өтуі мүмкін.

Жануар тістеп алса, не істеу керек?

Мамандар мұндай жағдайда жарақатқа немқұрайлы қарамауға кеңес береді. Ең алдымен, жараны мүмкіндігінше тез арада ағынды сумен және сабынмен мұқият жуу қажет. Одан кейін алғашқы көмек ретінде тиісті антисептикпен өңдеп, медициналық ұйымға жүгінген жөн.

Дәрігер жарақаттың сипатын, жануармен байланыс жағдайын және инфекциялық асқыну қаупін бағалап, қажет болған жағдайда ем тағайындайды.

Жануар тістеген кезде тек пастереллезді ғана емес, құтыру және басқа да инфекциялардың жұғу қаупін ескеру керек. Сондықтан жарақат шағын болса да, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмаған дұрыс, – деп ескертті Жанна Пірәлиева.

Пастереллезден қалай қорғануға болады?

Инфекцияның алдын алу үшін бейтаныс және қараусыз жүрген жануарларға жақындамаған жөн. Үй жануарларын сипағаннан немесе оларға күтім жасағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет.

Сонымен қатар үй жануарларын ветеринариялық бақылаудан уақытылы өткізіп, белгіленген тәртіппен вакцинациялау маңызды. Жануарларға күтім жасау кезінде қолғап және басқа да жеке қорғаныш құралдарын пайдаланған жөн. Ауру белгілері немесе мінез-құлқында өзгеріс байқалған жануармен байланыстан аулақ болу керек.

Ет пен басқа да жануар өнімдерін санитариялық-ветеринариялық талаптарға сай пайдаланып, тағамды жеткілікті термиялық өңдеуден өткізу қажет.

Жануарлар арасында аурудың таралуын болдырмау үшін оларды дер кезінде анықтау, оқшаулау және ветеринариялық бақылау маңызды. Қазақстанда пастереллез жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген, оның алдын алу мен жоюға бағытталған ветеринариялық шаралар жүргізіледі.

Жарақат алғаннан кейін қызару, ісіну немесе ауырсыну күшейсе, сондай-ақ дене қызуы көтерілсе, медициналық көмекке дереу жүгіну қажет. Пастереллездің алдын алуда жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас жасау, жеке гигиенаны сақтау және жарақат алған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу маңызды.