IT маман қойма жұмысын жетілдірудің жаңа тетіктерін ойлап тапты

IT мамандар жұмысты жеңілдетіп, уақытты үнемдейтін көптеген бағдарламалар ойлап тауып, жүзеге асырып жатыр. Солардың бір түрін қазақстандық IT маман, жас стартапер Абзал Тоқбай қолға алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абзалдың жасы – 27-де. Алматы қаласындағы №39 физика-математика лицейінің және еліміздегі IT университет түлегі. IT маман қазіргі уақытта АҚШ-та стартап жобасын дамытып, жетілдіріп, оны болашақта елімізде қолдануды көздеп отыр.

Қазіргі уақытта қоймаларды басқару жүйесі (WMS) саласындағы стартап жоба көптеген америкалық компаниялардың қызығушылығын тудырды. Жобаның мақсаты – мекемелерге қоймаларды тиімді басқаруға және олардың жұмысын онлайн режимде қадағалауға көмектесу. Америкаға келген кезде Маунтин-Вью атты шағын қалада тұрдым, ол Кремний алқабынан алыс емес. Инновациялар ортасы мені маңызды мәселелерді шешетін стартаптар құруға шабыттандырды. Үлкен жетістіктер қарапайым идеялардан басталатынын түсіндім, - дейді Абзал.

Абзалдың жобасы бірнеше бағыт бойынша бірегей деп танылыпты. Көптеген ұқсас қосымшалар пайдаланушыларға күрделі болса, оның WMS жүйесі ыңғайлылығымен және кең мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

Бағдарлама қоймадағы тауарларды қадағалауға ғана емес, сонымен қатар бухгалтерлік есеп жүргізуге және көп қойма қызметкерлерінің қажеттігін азайтып «ақылды» шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндіктер жұмысты оңтайландырып, шығындарды азайтуға жол ашады. Жобалар Қазақстандағы бір топ мамандар тобымен бірге жүзеге асырылады, бұл қазақстандық жас дарындарды қолдауға және жоғары технологиялар саласында жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, - деді Абзал Тоқбай.

Сонымен қатар, жас стартаперлер жас IT мамандардың қажетті дағдыларды үйренуіне, оқуына және тәжірибе алмасуына жәрдемдесіп жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы