Істемей тұрған 25 электронды қызмет қалпына келтіріледі
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту үшін қандай шаралар атқарылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мүксімовтың айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 756 тексеріс жүргізіліп, 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. 602 – қызмет көрсетуші қызметкер тәртіптік жауапкершілікке, 305 – лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Былтыр 270 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Агенттік жанында мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша консультативтік-сараптамалық топ жұмыс істейді. Оның жұмысы арқасында мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған мыңнан астам ұсыныс жолданып, Цифрлық даму министрлігі анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Аталған жоспар порталда жұмыс істемей тұрған 25 электронды қызметті қалпына келтіру, 9 қызмет бойынша ақпараттық жүйелердің функционалын пысықтау, 11 дерекқорды ықпалдастыру көздейді, - деді Салауат Мүксімов.