Испаниялық кәсіпорындар 9 мыңдай қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр
Елордада Қазақстан-Испания Іскерлік кеңесінің жетінші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста Испания Сауда палатасының халықаралық директоры Хайме Монтавло Қазақстан мен Испания арасындағы серіктестік туралы айтты.
Бүгінгі кездесу алдағы ынтымақтастықтың перспективаларына үңілуге мүмкіндік береді. Біз тұрақты бизнесті қалыптастыру және жаңартылатын энергия көздері жайлы мәселелерді талқылаймыз. Қазақстан - Орталық Азиядағы лидер және Испанияның стратегиялық әріптесі. Қазақстан минералды ресурстарға бай, сондай-ақ Еуропа мен өңірді біріктіруде өте маңызды рөл атқарады, - деді Хайме Монтавло.
Шетелдік сарапшы атап өткендей, халықаралық дерек бойынша Қазақстанның экономикасы дамып келеді. Үкімет инфляцияны қысқарту бойынша және реформаларды жүзеге асырудағы маңызды міндетті өз мойнына алып отыр.
Қазақстан бизнес ортаны жақсартып, жаңғыртып келеді. Қазақстан-Испания арасындағы сауда байланысы бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды. Тауар айналым 2012 жылдан 2022 жылға дейін 4 есеге артты. Инвестицияның көбі мұнай-газ салаларына бағытталған. Испан компаниялары шамамен 9 мыңдай қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Байланысымызды нығайтып, инвестицияларды жаңа салаларға салудың әлеуеті зор, - деп айтты Испания сауда палатасының өкілі.
Сөзінше, Қазақстан Испанияға газ, жаңартылатын энергия, логистика салаларында көп мүмкіндік беріп отыр.
Іскерлік кездесудің басты мақсаты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестициялар тарту және жетекші испандық компаниялар мен қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру. Қатысушылар панельдік сессияларда қаржы құралдары мен бизнес мүмкіндіктерін талқылап, сондай- ақ орнықты энергетика және инфрақұрылым саласындағы идеялармен, өз тәжірибелерімен алмасып жатыр.