Қарағандыда испаниялық компания еуропалық стандартпен ғимарат салмақ

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтық кәсіпкерлер палатасында испаниялық компаниялар мен өңірлік құрылыс кәсіпорындарының өкілдері екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылады. Кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынасты әрі қарай дамыту бойынша жоспарлар қаралды.

Испанияның құрылыс секторында жұмыс істейтін компанияның өкілдері Қарағандының құрылыс кәсіпорындарымен кездесу барысында құрылыста жаңа синергетикалық байланыс құруға байланысты тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін айтты.

«Бұл біздің Қазақстанға алғаш келуіміз. Болашақта Қарағанды өңірімен ғана емес, басқа да аймақтармен серіктестік қатынас орнатуға мүдделіміз. Алдымен біз Қарағанды облысындағы құрылыс секторының қалай жұмыс істейтінін білгіміз келеді. Содан кейін аталған секторды әрі қарай дамыту үшін не қажеттігін түсінетін боламыз», - деген испаниялық «Kursaal» компаниясының менеджері Йосу Эрнандес Сатурио Қарағандыда еуропалық стандарттағы үйлер салу жайлы идеясын ұсынды.

«Біз пилоттық режимде еуропалық стандарттарға сай келетін, адамдардың тұруына ыңғайлы ғимарат салып көргіміз келеді. Құрылысты неғұрлым тезірек, жақын уақыттары бастасақ деп ойлаймыз. Қарағандының төңірегінде бос жерлер көп, сол орындарға биік емес ғимараттар салуға болады. Кеншілер қаласының климаттық ерекшелігін зерттеп, құрылыс барысында осы ерекшелікті есепке аламыз. Осы арқылы ғимаратта қысы-жазы бір қалыптағы температураның болуына қол жеткізетін, энергияны үнемдейтін технологияны орнатуды қарастырамыз», - дейді ол.

Айта кетерлігі аталған компания Испанияның нарығында 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания ғимараттарды қалпына келтірумен қатар, Испанияның солтүстік бөлігіндегі тұрғын үйлерді салумен айналысады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында құрамына 29 кәсіпорын кіретін құрылыс кластері құрылды. Құрамына аймақта жұмыс істейтін құрылыс, жобалау кәсіпорындары мен ғалымдар, өндіріс мамандары кіретін кластердің басты мақсаты – құрылыс саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, құрылыс материалдарының сапасын жақсартып, бағасын төмендету.

«Бірнеше жылдан бері Қарағанды облысының құрылыс кластерінде даму байқалады. Қазақстандық индустрияны дамыту институтының қолдауының арқасында шынайы іс-әрекетке көшудеміз. Қазіргі уақыттағы біздің мақсатымыз – испаниялық әріптестермен құрылыс индустриясы саласындағы тәжірибемізбен бөлісіп, олардың тәжірибесін қабылдау. Әріптестер тарапынан аймақтағы құрылыс кластерін дамытуға байланысты ұсыныстарды күтеміз», - дейді «Атамекен» ҚР ҰҚП директоры Ернар Құлпейісов.

Қарағандының құрылыс секторына қызығушылық білдірген испаниялық компаниялардың болашақта тәжірибе алмассақ деген пікірі қарағандылық құрылыс индустриясында жұмыс істейтін компания өкілдерінің де көңілінен шықты.

«Шетелдік әріптестердің өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, аймақтағы құрылыс компанияларының дамуына көмектесу жайлы ойларын құптаймын. Ал кеншілер шаһарының құрылыс саласында жұмыс істейтін компанияларды бір кластерге біріктіру аймақтың өндірісінің дамуына тың серпін береді деген ойдамын», - дейді Қарағанды облысының құрылысшылар ассоциациясының директоры Найля Қайырбекова.

Еске салайық, бұған дейін Чехия кәсіпкерлерінің Қарағанды облысымен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жазған болатынбыз. Чехия кәсіпкерлері тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті дамытуға мүдделі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы