Испаниядағы пойыз апаты: тергеу техникалық ақау нұсқасын қарастырып жатыр
Испанияда кемінде 69 адамның өмірін қиып, 200-ден астам адамды жаралаған екі жүрдек пойыздың соқтығысу себептері тергеліп жатыр.
Bild таратқан мәліметке сәйкес, мемлекеттік Renfe компаниясының пойызы сағатына 160–200 шақырым жылдамдықпен келе жатып, теміржолда тоқтап тұрған жеке Iryo операторының құрамына соғылған.
Тергеушілер апаттың ықтимал себептерінің бірі ретінде LZB автоматты қауіпсіздік жүйесінің істен шығуын қарастырып жатыр. Бұл жүйе Германия теміржолдарында да қолданылады.
El Mundo газетінің мәліметінше, апат болған күні таңертең ұзындығы шамамен 63 шақырым болатын учаскеде LZB жүйесі істен шығып, соның салдарынан бірнеше пойыз тоқтап қалған. Осыдан кейін қозғалысты басқару Мадридтегі диспетчерлік орталыққа берілген.
Тергеу нұсқасы бойынша, сағат 8:36-да диспетчер Renfe пойызының машинисіне жүйені қайта іске қосып, балама қауіпсіздік тетігін пайдалана отырып қозғалысты жалғастыруды тапсырған.
Ал Iryo пойызы жүйедегі ақау сақталғандықтан орнынан қозғалмаған. Сағат 8:53-те екі пойыз соқтығысқан.
Енді тергеушілер апатқа нақты не себеп болғанын анықтауы керек. Оқиғаға техникалық ақау, диспетчердің қателігі немесе бірнеше фактордың қатар әсер етуі себеп болуы мүмкін.