Испаниядағы миграциялық дағдарыс: Сеутада мыңдаған мигрант қалып қойды
Испания билігінің мәліметінше, соңғы төрт күнде 69,5 мыңға жуық адам Мароккоға кері қайтарылған.
Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута анклавында миграциялық ахуал күрделене түсті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен аптадағы жаппай шекара бұзудан кейін қалада 3-5 мыңға жуық мигрант қалып қойған.
Испания билігінің мәліметінше, соңғы төрт күнде 69,5 мыңға жуық адам Мароккоға кері қайтарылған. Соған қарамастан, Сеутадағы қабылдау орталықтары шамадан тыс толып, жүздеген кәмелетке толмаған мигрантқа баспана қажет болып отыр. Қалада 862 кәмелетке толмаған мигрант бар екені хабарланды.
Көптеген мигранттар азық-түлік тапшылығына, Испанияның материктік бөлігіне өте алмауына және жергілікті тұрғындардың қарсылығына байланысты жағажайларда уақытша тұрақтауға мәжбүр болған.
Дағдарыс Еуропалық одақта көші-қон саясатына қатысты пікірталасты күшейтті. Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Мароккомен ынтымақтастықтың арқасында шекарадан өткендердің басым бөлігі жедел кері қайтарылғанын айтты. Сонымен қатар ол ЕО елдерін Испанияға қолдау көрсетуге шақырды.
Ал Сеута басшысы Хуан Хесус Вивас Марокконы жағдайдың ушығуына жол берді деп сынға алды. Оның айтуынша, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет.
Сонымен бірге испандық БАҚ мәліметінше, елдің барлау қызметтері Марокко шекарадан жаппай өтуді алдын ала жоспарламағанымен, оған дер кезінде тосқауыл қоймаған деген қорытындыға келген. Марокко билігі болса жағдайды әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуымен, адам саудагерлерінің әрекетімен және испан сотының шешімдерін қате түсіндірумен байланыстырды.
Осыған байланысты Еуропалық одаққа мүше елдердің ішкі істер министрлері көші-қон дағдарысын талқылау үшін шұғыл бейнеконференция өткізуді жоспарлап отыр.