Испанияда үш күндік аза тұту жарияланды
Испанияда жедел жүретін пойыздардың соқтығысуынан кемінде 40 адам қаза тауып, елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Бұл туралы премьер-министр Педро Санчес мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға жексенбі күні кешке Андалусия өңірінде, Кордова қаласына жақын маңда болды. Мадридке бағыт алған пойыз рельстен шығып, қарсы бағыттағы жедел пойызбен соқтығысқан. Нәтижесінде 120-дан астам адам жарақат алды, олардың 41-і ауруханада, 12-сі жансақтау бөлімінде жатыр.
Теміржол инфрақұрылымына жауапты Adif компаниясының мәліметінше, апат жергілікті уақытпен 19:45-те тіркелген. Алдын ала деректер рельстердің бір бөлігінде техникалық ақау болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр, алайда оның апатқа себеп болғаны әзірге нақтыланған жоқ. Тергеу кемінде бір айға созылады.
Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі пойыздың алдыңғы вагондарында болғанын айтты.
Апатқа италиялық Ferrovie dello Stato компаниясына тиесілі Freccia 1000 жедел пойызының қатысы бар екені белгілі болды. Оқиғадан кейін Мадрид пен елдің оңтүстігіндегі бірқатар қалалар арасындағы барлық жедел пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Испания королі Фелипе VI мен патшайым Летиция қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Ал Испания Қызыл Кресті апат орнында медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Бұған дейін Испанияның Кордова провинциясында екі пойыз рельстен шығып кетіп, қозғалыс тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан кемінде 39 адам қаза тауып, 122 адам жарақат алды.