Испанияда су тапшы

Қуаңшылықтан қатты зардап шегіп отырған Испанияда су мәселесі өткір тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығынан Тенерифе аралында төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік мұндай шешімді жылдам қабылдауға мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Себебі жауын-шашынның мөлшерден тым аз түсуі қоймалардағы су деңгейін күрт түсіріп жіберген. Тенерифе – Испаниядағы канар архипелагының ең үлкен және әдемі жасыл аралы. Қыс айларында арал ылғалды, жауын-шашынды келеді. Алайда биыл жауын тым аз түсіп, Тенерифе тарихындағы ең құрғақ қысты өткерді. Соңғы екі жылда жауын көлемі қырық пайызға дейін қысқарып, әсіресе, егін алқаптарында судың булануы 25 пайызға артқан. Жергілікті үкімет қаңтар айына үміт артқанмен, қыста ауа температурасы 20 градустан түспей қойды. Желтоқсан, қаңтарда ауа райы жаз сияқты жып-жылы боп тұрды. Мұндай қыс соңғы рет осыдан алпыс жыл бұрын болыпты. Қоймалардағы су қорын осы айларда көбейтіп алатын едік, биыл мұндай мүмкіндік болған жоқ. Ең құрғақ қыс деп отырғанымыз сондықтан. Ауа райының күрт жылынып кетуі жергілікті үкіметті алдағы жазда болатын қуаңшылыққа қарсы ерте қамдануға мәжбүр етіп отыр, - дейді эколог Пабло Гэрин.

Ресми мәлімет бойынша 1 ақпандағы жағдайға сәйкес су қоймалары 34 пайызға ғана толған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52 пайызға аз.

Қоймадағы су деңгейі бізді қатты алаңдатып отыр. Апта басында Тенерифе су басқармасы мен Туризм министрлігі ауыз суды үнемдеу туралы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Құрғақшылық ауыз су азабын тарттырып қана қоймай, жазда өрт мәселесін ушықтыруы ықтимал. 2023 жылдың тамызында құрғақшылық пен қатты ыстықтан аралдың үлкен аумағы өртеніп кетті. Испанияның солтүстігіндегі Каталония аймағында да қуаңшылыққа байланысты тұрғындардың су тұтынуына жаңа шектеулер енгізілді. Шара 6 миллион адам тұратын 224 елді мекенді қамтып отыр. Оның ішінде Барселона мен Жирона сияқты ірі қалалар бар. Мәселен аймақта 2 жылдан бері бір тамшы жаңбыр жаумай, өңірді тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Тер-Льобрегат қоймасындағы су деңгейі едәуір азайып кеткен. Осы себепті жергілікті билік су бағасын 33,7 процентке көтеруге мәжбүр болған, - дейді Тенерифе үкіметінің басшысы Роса Давила.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы