Испанияда наразы топ патшаға лай-батпақ лақтырды

Испания патшасы VI Филипп алапат тасқын болған Пайпорта қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап. 

Монархты жүздеген тұрғын наразылықпен қарсы алды. 

Ашынған топ патшаға «Кісі өлтірушілер» деп айқайлап, лай-батпақ лақтырған. Ереуілшілер: «табиғи апаттың болары белгілі еді, бірақ дайын болмады, ештеңе істемеді» деп ашу-ызасын білдірді. Валенсия аймағында төтенше қызмет кеш қимылдаған.

Айта кетейік, Испаниядағы су тасқынынан көз жұмғандар саны 217 адамға жетті. Олардың 60-тан астамы осы Пайпорта қаласының тұрғындары. Із-түзсіз жоғалған ондаған адам әлі табылмай жатыр. 3 мың үйде электр жарығы жоқ. 

Испания премьер-министрі Педро Санчес басты мақсат табиғи апат салдарынан ажал құшуы мүмкін адамдарды құтқару екенін атап өтті.

Азаматтардың көбі мемлекеттік мекемелердің өз міндетін толық атқарғанын, нақты шешімдер қабылдағанын қалайды. Халықтың басым бөлігі қандай да бір зорлық-зомбылық әрекетін құптамайды. Бірақ өкінішке қарай, тәртіпсіздікке барып жатқан кейбір адамдарды көріп отырмыз. Біз ешқайда қашпаймыз. Жауапкершіліктен бас тартпаймыз. Басты мақсатымыз – табиғи апат салдарынан ажал құшуы мүмкін адамдарды құтқару. Валенсия және барлық аймақты қалпына келтіруіміз керек, - деді Испания премьер-министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: David Ramos/Getty Images
Өзгелердің жаңалығы