31 Шілде 2026, 07:49 Фото: picture alliance/dpa/AP

Испанияда мигранттар легі күшейді: Сеута төтенше көмек сұрады

Жергілікті биліктің пікірінше, мигранттар легінің артуына Испания Жоғарғы сотының шілде айының басында қабылдаған шешімі әсер еткен.

Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута эксклавына заңсыз мигранттардың жаппай келуінен кейін жергілікті билік Мадридтен қосымша көмек сұрады. Бұл туралы Tagesschau хабарлады.

Басылым мәліметінше, бір күннің ішінде эксклав аумағына бірнеше мың мигрант жеткен. Ал жергілікті билік соңғы күндері Сеутаға 1 500-ден астам адамның келгенін мәлімдеді.

Жағдайдың күрделенуіне байланысты Сеута әкімшілігінің басшысы Хуан Хесус Вивас Испанияның орталық үкіметін ұлттық қауіпсіздік мақсатында төтенше жағдай енгізуге шақырды. Сондай-ақ ол Мароккомен шекараға қосымша полиция күштері мен әскер жіберуді сұрады.

Жергілікті биліктің пікірінше, мигранттар легінің артуына Испания Жоғарғы сотының шілде айының басында қабылдаған шешімі әсер еткен. Сот теңіз арқылы келген мигранттарды тиісті рәсімдерсіз Мароккоға кері қайтаруға болмайтынын шешкен.

Бұл Сеутадағы алғашқы осындай жағдай емес. 2021 жылы да құтқару кеудешелері мен үрлемелі қайықтарды пайдаланған шамамен 5 мың мигрант эксклавқа жеткен болатын.

Айта кетейік, Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута мен Мелилья эксклавтары Африкадан Батыс Еуропаға заңсыз көшу бағытындағы негізгі маршруттардың бірі саналады.