28 Қазан 2026, 20:07 Фото: видеодан скриншот

Испанияда екі жүрдек пойыз соқтығысып, 50 шақты адам қаза тапты

Орталық Испанияда екі жолаушылар пойызы соқтығысып, кемінде 50 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ ABC-ға сілтеме жасап.

Апат 28 қазан күні таңертең Мадрид пен Андалусия арасындағы жоғары жылдамдықты пойыздар желісінде, Урда елді мекеніне жақын жерде болды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Renfe мемлекеттік компаниясының AVE пойызы мен Iryo жеке тасымалдаушысының құрамы соқтығысқан.

Бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқы хабарларына қарағанда, AVE жүрдек пойызы станцияға жақындаған кезде Iryo пойызына артынан соғылған, соның салдарынан Iryo-ның соңғы екі вагоны рельстен шығып, үйіндіден құлап кеткен.

Оқиға орнында шұғыл қызметтер, өрт сөндірушілер мен медициналық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін санитарлық тікұшақтар мен мобильді реанимациялық бөлімшелер жіберілді.

Бастапқыда 10 адамның қаза тапқаны хабарланды, кейін құрбандар саны 50 адамға жетті. Екі пойызда барлығы 544 адам болды: 397 жолаушы AVE құрамында, ал тағы 147 адам Iryo пойызында келе жатқан.

Еске сала кетейік, бұл – бір жыл ішінде Испанияның жүрдек теміржолдарында болған екінші ірі апат. Қаңтар айында Кордова провинциясындағы Адамус маңында Iryo пойызы рельстен шығып, Renfe пойызымен соқтығысудың салдарынан 40-тан астам адам қаза тапқан еді.