Испанияда аптап ыстық басылмай тұр
Сынап бағанасы кей аймақтарда 40 градусты көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Соның салдарынан өзен-көлдер тартылып, су қоймалары 50%-ке азайған. Құрғақшылықтан жануарлар мен балықтар қырылып жатыр. Испанияда аптап ыстық тіркелді. Ауа температурасы кей өңірлерде 43 градустан асып, рекордттық деңгейге жетті. Тұрғындар сәуір айында мұндай аномальді жағдайды көрмегенін айтады. Мамандар болса бұған жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі себеп дейді. Ыстық ауа массасы Еуропаға Африкадан келген. Мадридтің кейбір тұрғындары мұндай ыстық 1961 жылы болғанын айтады.
Мына ауа райын түсінбей-ақ қойдық. Бұрын көктемде температура былай көтерілген емес. Қазір күн көзінен қорғану амалдарын іздеп, әбден әбігерге түстік. Жазда не болатынын білмеймін, - дейді жергілікті тұрғын.
Иә, мезгілсіз келген аптап ыстық жергілікті тұрғындарға қиынға соқты. Бұдан бөлек, өзге өңірлерде өзен-көлдер тартылып барады. Мәселен, елдің солтүстік-шығысындағы Жирона қаласында Оняр өзенінің дейгейі күрт азайып кеткен. Жергілікті билік мамандарды жалдап, балықтарды құтқару үшін оларды тіпті политилен пакетімен аулап әлек. Сөйтіп балықтар жақын маңдағы су қоймаларына жеткізіледі, - дейді мамандар.
Біз бұл жерден барынша көп балықты аман алып шығаруға тырысамыз. Оняр өзенінде жалпы балық көп. Егер алдағы апталарда су дейгейі бұдан да төмендеп кетсе, балықтар жаппай қырылып қалады, - дейді компания басшысы, биолог Ким Поу.
Жалпы Испанияда 3 жыл бойы жауын-шашын мөлшері аз түскен. Мамандар соңғы көрсеткіштер орта деңгейден төмен деп дабыл қағуда. Каталонияның солтүстік-шығысында және Андалусияның оңтүстігінде су қоймалары 50%-ке де толмай тұр.
Барселонадан 100 шақырымда орналасқан Сау су қоймасы өткен айда 10%-ке ғана молайған. Балықтарға оттегі жетпей, ластанған суда бірнеше апта тұрып қалған. Құтқаруға тура келді.
Қазір өзен-көлдерде жағдай қиын. Су ластанып кеткен. Қуаңшылықтан су қоймалары тартылып жатыр. Оларды дер кезінде басқа су арналарына көшіру керек, әйтпесе, барлығы қырылып қалады. Ал балықтарды аулау, қосымша күш тартуды қажет етеді, - дейді биолог және техникалық маман Гильем Льенас.