2 Қараша 2026, 01:29 Фото: AP Photo

Испания үкіметі пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төлейді

Соңғы мәлімет бойынша, Урда маңындағы екі пойыздың соқтығысуынан 69 адам қаза тапқан.

Испания үкіметі Толедо провинциясындағы Урда қаласы маңында болған теміржол апатынан қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Тиісті корольдік жарлықты 3 қарашада мақұлдау көзделген.

Euronews мәліметінше, көлік министрі Оскар Пуэнте сейсенбі күні апатқа қатысты баяндама жасап, жоспарланған шараларды жариялайды. Сондай-ақ ол парламенттің тұрақты депутаттық комиссиясында сөз сөйлейді.

Үкімет өтемақы көлемін анықтауда биыл 18 қаңтарда Адамус қаласында болған теміржол апатынан кейінгі тәжірибені негізге алмақ. Ол кезде қаза тапқандардың әрқайсысының отбасына 216 мың еуро көлемінде өтемақы қарастырылған. Ал жарақат алғандарға төленетін сома жарақаттың ауырлығына қарай 2,4 мыңнан 84 мың еуроға дейін белгіленген. Алайда Урдадағы апат құрбандарына берілетін нақты төлем мөлшері әзірге жарияланған жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша, Урда маңындағы екі пойыздың соқтығысуынан 69 адам қаза тапқан. Олардың 56-сының жеке басы анықталып, 36 марқұмның денесі туыстарына тапсырылған.

Қазір ауруханаларда 40-тан астам зардап шеккен адам ем қабылдап жатыр. Мадрид пен Кастилия-Ла-Манча өңірлеріндегі медициналық мекемелерде барлығы 41 науқас қалған. Олардың 16-сы жансақтау бөлімінде.

Апаттың себептерін анықтау жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдары оқиға орнындағы іздестіру шараларын күшейтіп, Мадрид – Севилья жоғары жылдамдықты теміржол желісінің екі шақырымға жуық бөлігін қоршауға алған.