Бүгiн 2026, 09:44 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Испания премьер-министрінің жұбайына елден шығуға тыйым салынды

Елден шығуға тыйым салу туралы хабарламалар елдің барлық шекара бекеттері мен әуежайларына жіберілді.

Испания премьер-министрінің жұбайы Бегонья Гомеске жемқорлық ісі бойынша сот процесі басталғанға дейін елден шығуға тыйым салынды. Бұл туралы тиісті шешімді істі алқабилер сотының қарауына жолдаған судья Хуан Карлос Пейнадо шығарды.

Қаулыға сәйкес, Гомес төлқұжатын тапсыруға және айына екі рет сотқа барып белгіленіп тұруға міндетті. Сонымен қатар, елден шығуға тыйым салу туралы хабарламалар елдің барлық шекара бекеттері мен әуежайларына жіберілді.

Euronews жазғандай, сәуір айында оған қаражатты талан-таражға салу, ықпал ету саудасы, коммерциялық қызметтегі жемқорлық және қаражатты мақсатсыз пайдалану баптары бойынша айып тағылған болатын.

Тергеу мәліметтері бойынша, Гомес жеке мүдделерін алға жылжыту үшін үкімет басшысының жұбайы мәртебесін пайдаланған болуы мүмкін. Оның өзі де, премьер-министр Педро Санчес те барлық айыптауларды үзілді-кесілді теріске шығарып отыр.

Тергеу амалдары Мадридтегі Комплутенсе университеті жанындағы кафедраның қызметімен байланысты, оны Гомес басқа тұлғалармен бірлесіп басқарған.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл құрылым жеке басының артықшылықтарына қол жеткізу және мемлекеттік ресурстарды пайдалану үшін қолданылған болуы мүмкін. Сот процесінің басталатын күні әлі белгіленген жоқ. Қорғаушы тарап төлқұжатты алып қою туралы шешім мен басқа да шектеулерге қарсы шағым түсіруді жоспарлап отыр.