Бүгiн 2026, 03:34 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Испания Ирандағы соғысқа қатысы бар АҚШ ұшақтары үшін әуе кеңістігін жапты

Бұл шешім салдарынан АҚШ әскери ұшақтары Таяу Шығысқа бағыт алғанда Испания аумағын айналып ұшуға мәжбүр.

Испания Ирандағы әскери әрекеттерге қатысы бар АҚШ ұшақтары үшін әуе кеңістігін жапты. Бұл туралы елдің қорғаныс министрі Маргарита Роблес мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Испания бұған дейін АҚШ-қа ортақ пайдаланылатын әскери базаларды қолдануға рұқсат бермеген болса, енді әуе кеңістігін пайдалануға да тыйым салды.

Біз Ирандағы соғысқа қатысты әрекеттер үшін әскери базаларды да, әуе кеңістігін де пайдалануға рұқсат бермейміз, – деді Роблес.

Испаниялық El Pais басылымының мәліметінше, бұл шешім салдарынан АҚШ әскери ұшақтары Таяу Шығысқа бағыт алғанда Испания аумағын айналып ұшуға мәжбүр. Алайда төтенше жағдайларға бұл шектеу қолданылмайды.

Елдің экономика министрі Карлос Куэрпо бұл қадам Испанияның халықаралық құқыққа қайшы деп есептелетін соғысқа қатыспау туралы ұстанымымен байланысты екенін айтты.

Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын бұған дейін «ойланбай жасалған және заңсыз әрекет» деп сынға алған.

Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Испанияның бұл шешіміне жауап ретінде Мадридпен сауда қатынастарын қысқартуы мүмкін екенін ескерткен.