Исландияда жанартау атқылап, мыңнан астам адам көшті
Исландияның оңтүстік-батысындағы Рейкьянес түбегінде жанартау тағы атқылады. Осыған байланысты Гриндавик қаласы мен оған жақын қоныстардан, жұртқа танымал Blue Lagoon спа-курортынан мыңнан астам адам эвакуацияланды. Жанартаудан шыққан лава 50 метрге дейін көтерілген, кейін шамамен төрт шақырымға жайылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азаттық радиосының мәліметіне сәйкес, жанартау атқылар алдында жерасты дүмпулері болған. Сейсмологтар жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметін алдын ала ескертіп, соның арқасында адамдарды ертерек көшірген. Олардың басым бөлігі – шамамен 800 адам – курортқа демалуға келген қонақтар. Ресми ақпаратта Гриндавик қаласында 3800 адам тұратыны айтылған. Былтыр қыста жанартау атқылай бастағанда көп отбасы қаладан кетіп, қонысына қайта келмеген.
Кейінгі алты айда Рейкьянес түбегінде бес рет жанартау атқылады. Біріншісі 2023 жылы 18 желтоқсанда болды. Оның қатты болғаны соншалық, көкке көтерілген күл-тозаң аралас түтін Гриндавиктен 40 шақырым жердегі ел астанасы Рейкьявиктен көрінді. Ол бірнеше күнге созылып, кейін Гриндавик тұрғындарының бір бөлігі үйіне оралды, ал өзгелері қауіпсіз жерлерде қалды. Содан бері ай сайын жер асты дүмпулері болып, жер бетіне лава шығып жатыр. Рейкьянес жанартаулары – шамамен 800 жыл тыныш жатқаннан кейін оянған Свартсенги жанартауы тізбегінің бөлігі саналады.
Исландияда қазір сөнбеген 33 жанартау бар, яғни Еуропаның басқа елдеріне қарағанда көп. 2010 жылы Эйяфьядлайёкюдль жанартауы оянып, одан тараған қою түтіннен бірнеше күн әуе қатынасы тоқтап, миллиардтаған еуроға тең шығын әкелген. Бұл – кейінгі уақыттағы ең ірі жанартау атқылауы дейді мамандар.