Исламабадта Қазақстан – Пәкістан саяси консультациялары өтті

Исламабадқа сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Пәкістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Насим Варайчпен екіжақты саяси консультациялардың үшінші отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Консультациялар барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылап, түрлі салаларда, әсіресе сауда-экономикалық және көлік-логистикалық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың оң қарқынын атап өтті. Бұл ретте саяси диалогты одан әрі нығайту, парламентаралық байланыстарды дамыту және қауіпсіздік саласында өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығы айтылды. Білім беру, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды,- деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер және өңірдегі оқиғалар бойынша пікір алмасып, көпжақты ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту маңыздылығын атап өтті.

Іс-сапар шеңберінде Ә. Бақаев Пәкістанның негізгі федералды ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және өндіріс, Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер федералды министрі Рана Танвир Хуссейнмен, Экономикалық істер министрінің бірінші орынбасары – Федералды хатшы Қазым Ниязбен және Сауда министрінің бірінші орынбасары – Федералды хатшы Джавад Паул Хаваджамен келіссөздер жүргізді.

Кездесулер барысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты, екіжақты сауданы арттыру және 13-ші Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының отырысын мазмұндық толықтыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қазақстандық және пәкістандық кәсіпкерлер арасында өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шарттық-құқықтық базаны нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар іс-сапар аясында «Пәкістанмен сауда-экономикалық ынтымақтастығының контекстінде Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған ірі бизнес өкілдері мен Пәкістанның жетекші қалаларының сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.

Өзінің сөзінде Ә. Бақаев Қазақстанның инвестициялық климаты мен іскерлік мүмкіндіктері туралы баяндап, пәкістандық кәсіпкерлерді қазақстандық іскерлік топтарымен ынтымақтастықты белсенді түрде жолға қоюға және дамытуға шақырды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожанов пәкістандық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыратын Қазақстан экономикасының нақты секторлары бойынша презентациялар жасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы