Бүгiн 2026, 19:56 Фото: Christian Müller/Christian Müller TV/dpa/picture-alliance

"Аллаһу әкбар" деп шабуыл жасаған: Сириялық азаматқа ең қатаң жаза берілді

Билефельдтегі шабуыл кезінде төрт адам ауыр жараланған. Сот сириялық азаматтың әрекетін теракт деп танып, ең қатаң үкім шығарды.

Германияның Дюссельдорф қаласындағы Жоғарғы жер соты Билефельд қаласында жасалған исламистік теракт үшін сириялық азаматты өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлады DW агенттігі.

Сот 36 жастағы Махмуд М.-ны төрт адамды өлтіруге оқталу бойынша кінәлі деп танып, оның кінәсінің ерекше ауыр екенін атап өтті. Сонымен қатар сотталған азамат өмір бойғы жазасын өтегеннен кейін де превентивтік қамауда ұсталатын болды.

Үкімді жариялаған судья шабуыл жасаған адамның әрекеті джихадистік мақсаттарды көздегенін мәлімдеді.

Теракт қалай болды?

Теракт 2025 жылғы 18 мамырда Билефельд қаласындағы барлардың бірінің жанында болған. Сол түні жергілікті тұрғындар мен футбол жанкүйерлері мерекелік шараны атап өтіп жатқан кезде белгісіз ер адам оларға шабуыл жасаған.

Шабуыл салдарынан төрт адам өміріне қауіп төндіретін пышақ жарақатын алған. Сот барысында зардап шеккендердің барлығы оқиғаның салдарынан әлі күнге дейін толық айыға алмағандарын айтқан.

Тергеу деректеріне сәйкес, шабуылдаушы қолдан жасалған қылыш-тростьпен қаруланып, шабуыл кезінде «Аллаһу әкбар» деп айқайлаған. Алайда жиналғандардың қарсылығына тап болып, қаруынан айырылған соң оқиға орнынан қашып кеткен.

Күдікті келесі күні, 19 мамыр кешінде Дюссельдорф маңындағы Хайлигенхаус қаласында ұсталды. Полицияға оның жүрген жерін немере ағасы хабарлаған.

Сирияда «Ислам мемлекеті» қатарында болған

Прокуратураның мәліметінше, сотталған азамат бірнеше жыл бойы Сириядағы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының құрамында болған. Кейін оны күрд күштері ұйымның содыры ретінде ұстап, сегіз ай қамауда ұстаған.

2023 жылы ол Германияға келген.

Тергеу материалдарына сәйкес, теракт алдында ол «Ислам мемлекетіндегі» байланыс орнатушы тұлғаға бейнеүндеу жолдаған. Алайда бұл үндеу жарияланбаған. Сондай-ақ оның жанынан қолдан салынған ұйым туы бейнеленген қағаз табылған.

Тергеу изоляторындағы жауап алу кезінде күдікті Сирияда жүргенде ұйымның тапсырмасымен екі адамды, оның ішінде туған ағайындарының бірін өлтіргенін мойындаған.

Сарапшылар оны радикалданған деп таныды

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталған азамат терең радикалданған. Мамандардың пікірінше, джихадистік идеология оның жеке тұлғасы мен құндылықтарының ажырамас бөлігіне айналған.

Сарапшы оны өзімшіл, төзімсіз және зорлық-зомбылыққа бейім адам ретінде сипаттаған.

Тергеу барысында Германияға келгеннен кейін оның психологиялық жағдайы нашарлағаны анықталған. Бұған отбасының қайта қосылу процесінің тоқтатылуы, жұмыс таба алмауы және неміс тілін меңгермеуі әсер еткен. Сонымен қатар ол радикалсыздандыру бағдарламасына қатысудан бас тартқан.

Ал қорғаушылар айыпталушының ауыр балалық шағы мен депрессия диагнозына назар аударуды сұрады.

Алайда сот федералдық прокуратураның талабын қанағаттандырып, оған ең қатаң жаза тағайындады.